Белгілі режиссер ҚазҰУ студенттерімен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ҚР халық әртісі, театр және кино режиссері, актер Талғат Теменовті қабылдады.
Жүздесу барысында ұлттық мәдениет пен өнердің дамуы, жастарға рухани-мәдени тәрбие беру мәселесі талқыланды. Тараптар қазіргі театр және кино саласының жай-күйіне тоқталып, шығармашылық жастарды қолдау, олардың кәсіби шеберлігін арттыру бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесуден соң профессор, драматург Талғат Досымғалиұлы оқу ордасының оқытушылары және білім алушы жастармен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуде режиссер өзінің шығармашылық жолы, театр мен кино саласындағы тәжірибесі туралы ой бөлісіп, жас буынға бағыт-бағдар берді.

«Өнер – ұлттың жаны. Егер біз осы ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны заман талабына сай дамыта алсақ, онда рухани тұрғыдан қуатты қоғам қалыптастырамыз. Жастар шығармашылықтан қорықпауы керек. Үнемі ізденісте болып, өз жолын табуға ұмтылуы тиіс. Сондай-ақ жастарға айтар ақылым – ерте тұруды әдетке айналдыруы шарт. Бұл менің басты ережем. Себебі ерте тұрған адамның ырысы артық», – деді Талғат Теменов.

Шара барысында қатысушыларға режиссер Талғат Досымғалиұлының жетекшілігімен түсірілген «Жәңгірдің жаңғыруы» атты фильмнен үзінді көрсетілді. Кейін студенттер спикерге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мазмұнды жауап алды.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі