Мемлекет басшысының қолдауы: ҚазҰУ-дың екі жас ғалымы жаңа пәтер иесі атандыFarabi University

91ý

Мемлекет басшысының қолдауы: ҚазҰУ-дың екі жас ғалымы жаңа пәтер иесі атанды

6 мамыр 2026
Мемлекет басшысының қолдауы: ҚазҰУ-дың екі жас ғалымы жаңа пәтер иесі атанды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары Динара Абдуахытова мен Абзал Сейітовке Президент тапсырмасы аясында жаңа пәтерлердің сертификаты табысталды.

Бұл игі шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 31 мамырда «ылым ордасында» жас ғалымдармен кездесуі кезінде берген тікелей тапсырмасының нәтижесі. Пәтер сертификаттарын ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек салтанатты жағдайда табыстап, мемлекеттің ғылымды дамыту мен зияткерлік әлеуетті қолдау бағытындағы жүйелі жұмысына тоқталды.

Жаңа баспанаға ие болған жас ғалымдар – өз саласының білікті мамандары. Олардың ғылыми көрсеткіштері жоғары деңгейде.

Динара Абдуахытова – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 10 жылдан астам еңбек етіп келеді. Қазіргі уақытта университет жанындағы Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығының ғылыми қызметкері. Оның ғылыми белсенділігін айқындайтын Хирш индексі 5-ке тең.

Абзал Сейітов – механика-математика факультетінің аға оқытушысы. Қара шаңырақта тоғыз жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан жас маманның да Хирш индексі 5-ті құрайды.

Қуанышты сәтте Динара Ақтайқызы мемлекет тарапынан көрсетілген бұл қолдаудың маңыздылығын атап өтті: «Бүгін мен үшін ерекше күн. Жаңа пәтердің иесі атану – үлкен бақыт қана емес, сонымен бірге зор жауапкершілік. Мемлекеттің жас ғалымдарға деген мұндай қамқорлығы бізді жаңа ғылыми белестерді бағындыруға және отандық ғылымның дамуына барынша үлес қосуға шабыттандырады», – деді ғалым.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі