7 МАМЫР – ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің оқытушы-профессорлары,
қызметкерлері мен білім алушы жастары!
Қадірлі Әскери кафедра офицерлері мен курсанттары!
Сіздерді айбынды мереке – 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Отанды сүю мен оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы, ел алдындағы зор жауапкершілігі.
Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн», – деп атап өткен болатын. Бүгінде бұл парыз тек әскери шеберлікпен ғана емес, сонымен қатар терең біліммен, озық технологиямен және инновациялық ізденістермен тығыз байланысты.
Қара шаңырақ ҚазҰУ осы жолда мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға лайықты үлес қосып келеді. 1934 жылы университетпен бірге негізі қаланған Әскери кафедрамыз бүгінге дейін 50 мыңнан астам запастағы офицерлерді даярлап шығарды. Қазіргі таңда кафедра қабырғасында ұлдармен қатар, аруларымыз да 20 әскери-есептік мамандық бойынша білім алып, заман талабына сай әскери дайындықтан өтуде. Біздің басты мақсатымыз – жастардың патриоттық рухын шыңдап, олардың әділетті, адал және кәсіби азамат болып қалыптасуына жол ашу.
Интеллектуалды ұлт қалыптастыру, ғылым жолында қажырлы еңбек ету – бұл да мемлекетіміздің іргесін нығайтуға қосылған зор үлес. Әрбір курсант пен студенттің ертеңгі күні Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысатынына сенімім кәміл.
Осынау айтулы мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат және отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.
Мемлекетіміздің қорғанысы қуатты, еліміздің көгінде бейбітшілік туы мәңгі желбіресін!
Ізгі ниетпен,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы – Ректор
Жансейіт Түймебаев
Other news