ҚазҰУ қоры Сеймур Беккердің кітап жинағымен толықтыFarabi University

91ý

ҚазҰУ қоры Сеймур Беккердің кітап жинағымен толықты

8 мамыр 2026
ҚазҰУ қоры Сеймур Беккердің кітап жинағымен толықты

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кітапхана қорына белгілі америкалық тарихшы Сеймур Беккердің (1934-2020) жеке кітап коллекциясы табысталды. Кітаптар топтамасын таныстыру мақсатында тарих факультетінің «Орталық Еуразия тарихы мен мәдениеті» ғылыми орталығы арнайы брифинг өткізді. 

Шараға АҚШ-тағы Amherst College профессоры Александр Семенов, С.Беккердің ұрпақтары Джеффри мен Сьюзан (онлайн форматта), сондай-ақ университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Сеймур Беккер – Орталық Азияның әлеуметтік тарихын, Ресей империясы мен Кеңес Одағы кезеңін зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан әлемге танымал ғалым. Оның іргелі еңбектері дүниежүзілік тарихнамада жоғары бағаланады.

Мұхит асып келген құнды жәдігерлер қатарында ғалымның жеке кітапханасынан алынған 220 басылым бар. Жинақ дүниежүзі тарихы, тарихнама, деректану және тарих методологиясы бағыттарын қамтиды. Кітап қорын Қазақстанға жеткізуге еліміздің АҚШ-тағы Бас консулдығы тікелей қолдау көрсетті.

Тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов бұл сыйдың ғылыми маңызына тоқталып: «Бұл еңбектер тек құнды жинақ қана емес, түрлі елдердің зерттеу мектептері арасындағы алтын көпір іспетті. Коллекция Орталық Азия тарихы мен империялық трансформацияларды тереңірек зерделеуге ниетті зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті.

Қатысушылардың пікірінше, жаңа жинақ Орталық Азия мен кеңестік дәуірді зерттейтін оқытушылар мен білім алушылар үшін баға жетпес ғылыми қазына.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі