ҚазҰУ мен «Samruk Business Academy» стратегиялық әріптестік орнатты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымы – «Samruk Business Academy» арасында өндірістік тәжірибені ұйымдастыру және түлектерді жұмыспен қамту бағытындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Стратегиялық құжат «ҚазҰУ мен Samruk Business Academy: білікті кадрларды даярлау және еңбекке орналастыру жүйесін дамыту» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында рәсімделді. Іс-шараға университет басшылығы мен Samruk Business Academy өкілдері қатысты.

Жиынды ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева ашып, «Жоғары білім берудің заманауи сын-қатерлері және ҚазҰУ-дың жаңа буын мамандарын даярлау тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.
Проректор қазіргі еңбек нарығындағы негізгі үрдістерге тоқталып, экономиканың цифрлық, интеллектуалдық және тұрақты даму бағыттарына қарай терең трансформацияланып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол пәнаралық мамандықтардың артуы мен soft skills дағдыларына сұраныстың күшеюін ерекше атап көрсетті.

Алина Галеева ылым және жоғары білім министрлігі жүргізген еңбек нарығын талдау нәтижелеріне сүйене отырып, кадр даярлау жүйесіндегі бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда білім беру бағдарламалары мазмұнының нарық талаптарына толық сәйкес келмеуі, кадр жоспарлаудағы теңгерімсіздік және жасанды интеллект пен цифрландырудың жылдам әсері туралы айтты.
Сондай-ақ ол ҚазҰУ-да білім беру сапасын арттыру мақсатында 2025 жылы құрылған Академиялық аналитика және білім сапасын бақылау офисінің қызметі жөнінде ақпарат беріп, оқу бағдарламаларын кешенді бағалау жүйесі енгізілгенін жеткізді. Университет ғылым мен нақты экономика секторының интеграциясын күшейту бағытында жаңа білім беру бағдарламаларын белсенді әзірлеуде.

QSamruk.kz жобасының жетекшісі Самал Наурызова студенттер мен түлектердің кәсіби дамуын қолдауға бағытталған бастамаларды ұсынды. Оның ішінде мансаптық бағдар беру дәрістері, тренингтер өткізу және «Самұрық-Қазына» тобының HR мамандарымен тұрақты кездесулер ұйымдастыру қамтылды.
«Самұрық-Қазына» қорының өкілдері жұмыс беруші ретінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жаңарту үдерісіне қатысуға, сондай-ақ университеттің Жұмыс берушілер кеңесінің құрамына кіруге дайын екендігін білдірді. Бұл бастама білім беру мазмұнын еңбек нарығы талаптарына барынша жақындатуға, студенттердің практикалық дағдыларын арттыруға және түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстел барысында студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, түлектерді жұмыспен қамту тетіктерін кеңейту және білім беру мен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту мәселелері кеңінен қарастырылды.
Іс-шара соңында тараптар білім алушылардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жұмыс берушілермен тиімді әріптестік орнатуға бағытталған келісім жасалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар