- Басты бет
- Жаңалықтар
- Түркістан облысы Сарыағаш ауданында «Экономика» кафедрасының кәсіби бағдар беру жұмысы
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында «Экономика» кафедрасының кәсіби бағдар беру жұмысы
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын және университет басшылығының жүктемесін орындау мақсатында Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Экономика» кафедрасы Түркістан облысы Сарыағаш ауданына көшпелі кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырды.
Іс-шара аясында «И.В. Панфилов атындағы №16 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Экономика» кафедрасының ассистент-профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Ережепова Айманкуль Абдыкаимовна мектеп директоры Дәлетбек Салтанат Өмірбекқызымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу, мектеп түлектерімен кездесу ұйымдастыру және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру мақсаттары кеңінен түсіндірілді.
Түлектермен өткен кездесуде Ережепова А.А. ақпараттық буклеттер таратып, оқушыларды «Экономика» кафедрасының білім беру бағдарламаларымен, сондай-ақ Экономика және бизнес жоғары мектебінің жалпы білім беру мүмкіндіктерімен жан-жақты таныстырды.
Мектеп бітіруші түлектер ұсынылған ақпаратқа ерекше қызығушылық танытып, оқу үдерісі, білім алу шарттары және болашақ кәсіби даму мүмкіндіктері жөнінде белсенді түрде сұрақтар қойды.
Іс-шара барысында оқушыларға екі бейнеролик көрсетілді. Бірінші бейнероликте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кампусы, инфрақұрылымы және студенттік ортасы таныстырылды. Ал екінші бейнероликті «Экономика» кафедрасының 4-курс студенттері дайындап, өздерінің Alma Mater-і туралы мақтанышпен әңгімелеп, студенттік өмірден алған әсерлерімен және университеттегі жарқын сәттерімен бөлісті.
Мектеп директоры аталған іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, университеттің кәсіби бағдар беру жұмыстары мен осындай таныстыру кездесулері түлектердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына зор ықпал ететінін ерекше айтты.
«Экономика» кафедрасының ассистент-профессоры Ережепова А.А.
Басқа жаңалықтар