Бірінші Беларусь майданы, 5-екпінді армияның 507-армиялық жойғыш-танкіге қарсы артиллериялық полкінің батарея командирі, капитан Жолдыбай Нұрлыбаев Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, 1945 жылы 30 қаңтар күні, Жеңіске 99 күн қалғанда ерлікпен қаза тапты.
Жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаев туралы мәліметтерді бірнеше жылдан бері жинастырып жүрмін. Соғысқа дейінгі архив құжаттарын қарап отырсам, Жолдыбай Нұрлыбаевтың №62 арызы бойынша 27.07.1940 жылы №3 бұйрықпен Қазақ Коммунистік журналистика институтының 1-курс студенттері қатарына қабылданғаны туралы құжатты кездестірдім. 1934 жылы Қазақ Коммунистік журналистика институты ашылды, 1941 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетіне қосылды. Осыған орай, Әл-Фараби университетінің 28 мың студенті мен 5 мың қызметкері біліп жүрсін деген оймен Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың ерлігі туралы осы оқу орнының төл басылымы «Қазақ университетіне» жариялауды жөн көрдім.
Жолдыбай Нұрлыбаевтың өмірбаянында «1922 жылы 20 мамырда Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Мақтаарал ауданы, қазіргі Нұрлыбаев ауылдық округінде темір ұстасының отбасында дүниеге келген. Бірлік орта мектебінің 8 сыныбын бітірген. 1938 жылы 17 қарашада Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының дайындық курсына түсіп, 1939 ж. 10 ақпандағы бұйрықпен өткен, 1938 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқуға қабылданған. 1939 жылы 14 қарашадан бастап «Сталин жолы» газетінде корректор болып істеген. 1940 жылғы 26 қазандағы Министрлер кеңесінің қаулысымен студенттер жылына 400 рубль, (8,9,10 кластарға 200 рубль, одан төменгі кластарға тегін, облыстардағы институттарға 300 рубль), ақылы негізде оқитын болды. Осы қаулыға байланысты 85 студенттің 36 студенті 1940 жылдың 1 қарашасынан оқудан шығарылды.
Жолдыбай Нұрлыбаев 1941 жылы күзде Алматы қалалық әскери комиссариаты арқылы Қызыл армия қатарына шақырылған. Артиллерия училищесінің жеделдетілген курсын тәмамдағаннан кейін 1942 жылдың қыркүйегінен бастап офицер шенінде қиян-кескі шайқастарға кірісті. Сол жылдың 15 қыркүйегі мен 11 желтоқсаны аралығында Сталинград шайқасына қатысып, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. Одан кейін 12 желтоқсаннан бастап Оңтүстік, 4-Украин, 3-Украин және 1-Беларусь майдандарында соғысты.

1972 ж. орнатылған батыр
Ж.Нұрлыбаевтың мүсіні
1944 жылдың 5 маусымы мен 23 шілдесі аралығында капитан Жолдыбай Нұрлыбаев өз батареясымен Молдавияның Новоанен ауданы, Пугачены ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 1,7 шақырым жерде, Днестр өзенінің оң жағалауындағы плацдармда танкіге қарсы қорғаныста болды. Осы кезеңде оның батареясы нысанаға дәл көздеп ату арқылы жаудың үш 81 мм-лік минометін, бес пулеметін және 43-ке жуық сарбазын жойды. Жаудың қарсы шабуылы сәтті тойтарылды. Осы ұрыста айтарлықтай шығынға ұшыраған гитлершілер кейін шегінді, ал капитан Жолдыбай Нұрлыбаев батареяны шебер басқарып, батыл қимылдағаны үшін 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
1945 жылдың қаңтарында 507-армиялық жойғыш-танкіге қарсы артиллериялық полктің батарея командирі капитан Жолдыбай Нұрлыбаев Польша жеріндегі ұрыстарда ерекше көзге түсті. 1945 жылы 14 қаңтарда Польшаның Варка қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 4-6 шақырым жерде орналасқан Выборув – Грабув Залесьны елді мекендері ауданында жаудың ұзақ уақытқа бекінген қорғанысын бұзу кезінде, капитан Жолдыбай Нұрлыбаев жаудың бақылау пунктін қатты атқылауына қарамастан, үш батареяны шебер басқарды. Оның батыл қимылдары атқыштар бөлімшелерінің алға кедергісіз жылжуын дер кезінде қамтамасыз етті. Оның қарамағындағы батареялар 3 блиндаж, 3 ДЗОТ қиратып, танкіге қарсы батареяның үнін өшірді және бес пулемет ұясы жойылды. Осыдан кейін жауған снарядтарға қарамастан, капитан Нұрлыбаев батареяны танк шабуылы қаупі бар бағытқа шығарып, жаяу әскер бөлімшелерінің оң қапталын жаудан қорғады.
1945 жылы 15 қаңтарда Пилица өзенінен өту кезінде зеңбіректерді бірінші болып өзеннің арғы бетіне өткізді және жаудың жойқын оғына қарамастан, бөлімшелеріміздің қапталдарын қорғады. Жаудың төрт «Фердинанд» өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысы біздің жаяу әскердің ілгерілеуіне кедергі келтіріп тұрғанын байқаған капитан Нұрлыбаев өз батареясымен төпелеп оларды өткелден шегінуге мәжбүр етті. Батареяны шебер басқаруының арқасында ол жаяу әскердің тез ілгерілеуін және Пилица өзенінен сәтті өтуін қамтамасыз етті. Жолдыбай Нұрлыбаев бұл ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Лукац-Крейц қаласындағы (Польша) Кеңес Одағының Батыры Ж.Нұрлыбаевтың ескерткіші
Шабуылды үдете отырып капитан Жолдыбай Нұрлыбаевтың батареясы жаяу әскердің жауынгерлік сапында жүріп, Польша жеріндегі Скорневица елді мекенінде бекінген гитлершілердің отты жүйесіне күйрете соққы берді. Артиллеристер нысанаға дәл көздеп ату арқылы бес пулемет нүктесін, екі ДЗОТ-ты және ірі калибрлі пулеметті жойды. Біздің жаяу әскер фашистердің сасқалақтағанын пайдаланып, оларды мықты бекінген шептен қуып шықты және батысқа қарай жеңіс жолын жалғастырды.
1945 жылы 20 қаңтарда Коло қаласын алу кезінде капитан Жолдыбай Нұрлыбаевтың батареясы тағы да ерекшеленді. Батарея айналма маневр жасау, қалаға басып кіру және негізгі соққы бағытынан жаудың күшін басқа жаққа бұру туралы бұйрық алған атқыштар батальонына бекітілді. Командирдің бұл жоспары өте шебер орындалды. Артиллеристер бұл шайқаста ерекше батылдық пен тапқырлық көрсетіп, жауды жақын қашықтықтан атып, ес жиғызбады. Нәтижесінде жау қаладан қуылды.
Вильчин қаласы маңында батарея жол үстінде 65 фашистен тұратын топқа тап болды. Артиллеристер бірден ұрысқа кірісіп, жау тобын түгелдей жойып жіберді. Стшельно ауданында батарея жаяу әскерге жол ашу үшін ашық отты позицияға тұрып, өздігінен жүретін зеңбіректі және 50-ге жуық гитлершінің көзін жойды.
Венгровец қаласы үшін шайқаста капитан Жолдыбай Нұрлыбаев бастаған батарея жаяу әскердің соңынан қалаға басып кіріп, көше ұрыстарында жаудың екі танкіге қарсы зеңбірегін жойып, біздің танкілерге жол ашты.
Германия шекарасынан өту кезінде капитан Жолдыбай Нұрлыбаевтың батареясы саны жағынан басым жауды талқандап, шекарадан бірінші болып өтті және ілгерілей отырып, бірқатар елді мекендерді басып алды.
1945 жылы 30 қаңтарда Лукатц-Крёйц (қазіргі Кшиж-Велькопольски, Польша) қаласының маңында кескілескен ұрыс басталды. Капитан Жолдыбай Нұрлыбаевтың батареясы қалаға бірінші болып кіріп, жаудың миномет батареясын және бірнеше жау нүктелерін жойды. Ұрыс барысында қаладан қашып шықпақ болған гитлершілердің үлкен тобы батареяға шабуыл жасады. Қайсар командир өз жауынгерлерімен бірге қоян-қолтық ұрысқа кірісіп, 50-ге жуық гитлершіні жойды. Жау қоршауды бұзып өте алмады, бірақ осы шайқаста капитан Жолдыбай Нұрлыбаев қаһармандықпен қаза тапты. Оның денесі Польшаның Пила қаласындағы әскери зиратта жерленген.

Лукац Крейц қаласында (Польша) жерленген қазақ батырларының аруақтарына құран бағыштау
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы жарлығымен капитан Нұрлыбаев Жолдыбайға қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Капитан Жолдыбай Нұрлыбаев марапаттары: Ленин ордені (24.03.1945), «Қызыл Ту» ордені (25.01.1945), 2-дәрежелі Отан соғысы ордені (02.08.1944), «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі және т.б.
Батырдың қайда қаза болғаны туралы 25 жылдан кейін, 1970 жылы генерал Боковтың соғыс туралы жазған мақаласы арқылы табылды. Тапқан адам Қалдыбеков Муташбек. Мәйітін 2012 жылы Аманжол деген азамат тапты. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың басшысы бастаған арнайы делегация барып тағзым етті.
Бүгінде батырдың есімі Алматы қаласындағы және Мақтаарал ауданы Асықата кентіндегі көшелерге берілген. 1985 жылы «Славянский» совхозы Жолдыбай Нұрлыбаев атындағы совхоз болып өзгертілді. Бұл ауылда батырдың мемориалдық бюсті орнатылған, ал 1971 жылы жергілікті мектепке Жолдыбай Нұрлыбаевтың есімі берілді.
Биыл Жеңіске 81 жыл болады. Қазақстан Жеңіске баға жетпес үлес қосты: 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанды, солардың 612-сі Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, оның 600 мыңнан астамы оралмады. Қазақстандықтар Сталинград шайқасы мен Берлинге шабуыл сияқты негізгі шайқастарда өздерін дәлелдеді, ал тыл еңбегіндегілер оқ-дәрі өндіруге, азық-түлікке және эвакуацияланғандарды орналастыруға сенімді тірек болды. Отан соғысындағы қазақ жігіттерінің батылдығы, жанқиярлық ерліктері тарих беттерінде мәңгілік қалады. Біз олардың Отан үшін жасаған ерліктерін ұмытуға құқығымыз жоқ. Сондықтан жас ұрпаққа айту біздің парызымыз.
Төребек АЙТБАЕВ,
зейнеткер, өлкетанушы
Түркістан облысы
Тарихи фотолар
e-history.kz сайтынан алынды
Other news