Ер есімі – ел есінде! — ҚазҰУ

91ý

Ер есімі – ел есінде!

9 мамыр 2026
Ер есімі – ел есінде!

Бірінші Беларусь майданы, 5-екпінді армияның 507-ар­мия­лық жойғыш-танкіге қарсы артиллериялық полкінің батарея командирі, капитан Жолдыбай Нұрлыбаев Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, 1945 жылы 30 қаңтар күні, Жеңіске 99 күн қалғанда ерлікпен қаза тапты. 
Жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұр­лы­баев туралы мәліметтерді бірнеше жылдан бері жинас­тырып жүрмін. Соғысқа дейінгі архив құжаттарын қарап отырсам, Жолдыбай Нұрлыбаевтың №62 арызы бойынша 27.07.1940 жылы №3 бұйрықпен Қазақ Коммунистік жур­на­листика институтының 1-курс студенттері қатарына қа­был­данғаны туралы құжатты кездестірдім. 1934 жылы Қазақ Коммунистік журналистика институты ашылды, 1941 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универ­си­те­тінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті) филология факультетіне қосылды. Осыған орай, Әл-Фараби университетінің 28 мың студенті мен 5 мың қызметкері біліп жүрсін деген оймен Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың ерлігі туралы осы оқу ор­нының төл басылымы «Қазақ университетіне» жария­лауды жөн көрдім. 

Жолдыбай Нұрлыбаевтың өмірбаянында «1922 жылы 20 ма­мырда Қазақстанның Оң­түс­тік Қазақстан облысы (қа­зір­­гі Түркістан облысы), Мақта­арал ауданы, қазіргі Нұрлыбаев ауылдық округінде темір ұс­та­сының отбасында дүниеге кел­ген. Бірлік орта мектебінің 8 сыныбын бітірген. 1938 жы­лы 17 қарашада Алматыдағы Қа­зақ педагогикалық институ­ты­ның дайындық курсына түсіп, 1939 ж. 10 ақпандағы бұй­рық­пен өт­кен, 1938 жылдың 1 қыр­күйе­­гінен бас­тап оқуға қа­был­­­дан­­­ған. 1939 жылы 14 қа­­­­­­­­ра­­шадан бас­­тап «Сталин жолы» газе­тін­де кор­ректор бо­лып істеген. 1940 жылғы 26 қазандағы Ми­нис­­тр­лер кеңе­сінің қаулы­сы­мен сту­дент­тер жылына 400 рубль, (8,9,10 клас­тарға 200 рубль, одан тө­менгі кластарға тегін, облыс­тар­дағы институт­тар­ға 300 рубль), ақы­лы не­гіз­де оқи­тын болды. Осы қаулыға бай­­ла­нысты 85 сту­дент­тің 36 сту­денті 1940 жыл­дың 1 қа­­­ра­­ша­­сынан оқудан шы­ға­рыл­ды. 
Жолдыбай Нұрлыбаев 1941 жылы күзде Алматы қалалық әскери комиссариаты арқылы Қызыл армия қатарына ша­қы­рылған. Артиллерия учили­ще­сінің жеделдетілген курсын тә­мамдағаннан кейін 1942 жыл­­дың қыркүйегінен бастап офи­цер шенінде қиян-кескі шайқастарға кірісті. Сол жыл­­дың 15 қыркүйегі мен 11 жел­тоқ­саны аралығында Ста­­лин­град шайқасына қа­ты­сып, «Ста­линградты қорғағаны үшін» медалімен мара­паттал­ды. Одан кейін 12 желтоқсаннан бастап Оңтүстік, 4-Украин, 3-Украи­н және 1-Беларусь майдан­да­рын­да соғысты.

1972 ж. орнатылған батыр 
Ж.Нұрлыбаевтың мүсіні

 

1944 жылдың 5 маусымы мен 23 шілдесі аралығында ка­питан Жолдыбай Нұрлыбаев өз батареясымен Молдавия­ның Новоанен ауданы, Пуга­че­ны ауы­лынан оңтүстік-ба­тыс­қа қа­рай 1,7 шақырым жерде, Днес­­тр өзенінің оң жа­ға­лауын­да­ғы плац­дармда тан­кіге қарсы қор­­­ғаныста болды. Осы ке­зең­де оның батареясы нысанаға дәл көздеп ату арқылы жаудың үш 81 мм-лік минометін, бес пу­ле­метін және 43-ке жуық сар­базын жойды. Жаудың қар­сы шабуылы сәтті тойтарылды. Осы ұрыста ай­тар­лықтай шы­ғын­ға ұшы­раған гитлершілер кейін шегінді, ал капитан Жол­ды­бай Нұрлыбаев батареяны шебер басқарып, ба­тыл қи­мыл­дағаны үшін 2-дә­режелі Отан соғысы орденімен ма­ра­патталды.
1945 жылдың қаңтарында 507-армиялық жойғыш-танкіге қарсы артиллериялық полктің батарея командирі капитан Жолдыбай Нұрлыбаев Польша жеріндегі ұрыстарда ерекше көзге түсті. 1945 жылы 14 қаң­тар­да Польшаның Варка қа­ла­сынан оңтүстік-шығысқа қарай 4-6 шақырым жерде орна­лас­қан Выборув – Грабув Залесьны ел­ді мекендері ауданында жаудың ұзақ уақытқа бекінген қорғанысын бұзу кезінде, ка­пи­тан Жолдыбай Нұрлыбаев жаудың бақылау пунктін қатты ат­қылауына қарамастан, үш ба­тареяны шебер басқарды. Оның батыл қимылдары ат­қыш­тар бөлімшелерінің алға ке­дергісіз жылжуын дер ке­зін­де қамтамасыз етті. Оның қа­ра­мағындағы батареялар 3 блиндаж, 3 ДЗОТ қиратып, танкіге қарсы батареяның үнін өшірді және бес пулемет ұясы жойылды. Осыдан кейін жауған снарядтарға қарамастан, ка­пи­тан Нұрлыбаев батареяны танк шабуылы қаупі бар ба­ғыт­қа шығарып, жаяу әскер бө­лім­шелерінің оң қапталын жаудан қор­ғады.
1945 жылы 15 қаңтарда Пи­лица өзенінен өту кезінде зең­бі­ректерді бірінші болып өзен­нің арғы бетіне өткізді және жау­дың жойқын оғына қара­мас­тан, бөлімшелеріміздің қап­талдарын қорғады. Жаудың төрт «Фердинанд» өздігінен жү­­ретін артиллериялық қон­дыр­ғысы біздің жаяу әскердің ілгерілеуіне кедергі келтіріп тұрғанын байқаған капитан Нұрлыбаев өз батареясымен төпелеп оларды өткелден ше­гінуге мәжбүр етті. Батареяны ше­бер басқаруының арқа­сын­да ол жаяу әскердің тез ілге­рі­леуін және Пилица өзенінен сәтті өтуін қамтамасыз етті. Жол­дыбай Нұрлыбаев бұл ер­лігі үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

 

Лукац-Крейц қаласындағы (Польша) Кеңес Одағының Батыры Ж.Нұрлыбаевтың ескерткіші


Шабуылды үдете отырып ка­питан Жолдыбай Нұр­лы­баев­тың батареясы жаяу әс­кер­дің жауынгерлік сапында жүріп, Польша жеріндегі Скор­не­вица елді мекенінде бекінген гитлершілердің отты жүйесіне күйрете соққы берді. Артил­лерис­тер нысанаға дәл көздеп ату арқылы бес пулемет нүк­те­сін, екі ДЗОТ-ты және ірі ка­ли­брлі пулеметті жойды. Біздің жаяу әскер фашистердің сас­қа­лақтағанын пайдаланып, олар­ды мықты бекінген шеп­тен қуып шықты және батысқа қа­рай жеңіс жолын жал­ғас­тыр­ды.
1945 жылы 20 қаңтарда Коло қаласын алу кезінде ка­пи­тан Жолдыбай Нұрлы­баев­тың ба­та­реясы тағы да ерекшеленді. Батарея айналма маневр жа­сау, қалаға басып кіру және не­гізгі соққы бағытынан жаудың күшін басқа жаққа бұру туралы бұйрық алған атқыштар ба­тальо­нына бекітілді. Коман­дир­дің бұл жоспары өте шебер орындалды. Артиллеристер бұл шайқаста ерекше ба­тыл­дық пен тапқырлық көрсетіп, жауды жақын қашықтықтан атып, ес жиғызбады. Нәтижесінде жау қаладан қуылды.
Вильчин қаласы маңында батарея жол үстінде 65 фа­шис­тен тұратын топқа тап болды. Ар­тиллеристер бірден ұрысқа кірісіп, жау тобын түгелдей жо­йып жіберді. Стшельно ау­да­нында батарея жаяу әскерге жол ашу үшін ашық отты по­зи­цияға тұрып, өздігінен жүретін зең­біректі және 50-ге жуық гитлершінің көзін жойды.
Венгровец қаласы үшін шай­қаста капитан Жолдыбай Нұр­лыбаев бастаған батарея жаяу әскердің соңынан қалаға ба­сып кіріп, көше ұрыстарында жаудың екі танкіге қарсы зең­бі­регін жойып, біздің танкілерге жол ашты.
Германия шекарасынан өту кезінде капитан Жолдыбай Нұр­лыбаевтың батареясы саны жа­ғынан басым жауды талқан­дап, шекарадан бірінші болып өтті және ілгерілей отырып, бір­­қатар елді мекендерді ба­сып алды.
1945 жылы 30 қаңтарда Лукатц-Крёйц (қазіргі Кшиж-Велькопольски, Польша) қала­сы­­ның маңында кескілескен ұрыс басталды. Капитан Жол­ды­бай Нұрлыбаевтың бата­рея­сы қалаға бірінші болып кіріп, жаудың миномет батареясын және бірнеше жау нүктелерін жойды. Ұрыс барысында қала­дан қашып шықпақ болған гит­лершілердің үлкен тобы ба­та­реяға шабуыл жасады. Қайсар командир өз жауынгерлерімен бірге қоян-қолтық ұрысқа кі­рісіп, 50-ге жуық гитлершіні жой­ды. Жау қоршауды бұзып өте алмады, бірақ осы шай­қас­та капитан Жолдыбай Нұр­лы­баев қаһармандықпен қаза тап­ты. Оның денесі Польшаның Пила қаласындағы әскери зи­ратта жерленген.

 

Лукац Крейц қаласында (Польша) жерленген қазақ батырларының аруақтарына құран бағыштау


КСРО Жоғарғы Кеңесі Тө­р­ал­қа­сының 1945 жылғы 24 нау­рыздағы жарлығымен ка­пи­тан Нұрлыбаев Жолдыбайға қай­тыс болғаннан кейін Кеңес Ода­ғының Батыры атағы бе­рілді.
Капитан Жолдыбай Нұрлы­баев марапаттары: Ленин ор­де­ні (24.03.1945), «Қызыл Ту» ор­дені (25.01.1945), 2-дәрежелі Отан соғысы ордені (02.08.1944), «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі және т.б. 
Батырдың қайда қаза бол­ға­ны туралы 25 жылдан кейін, 1970 жылы генерал Боковтың соғыс туралы жазған мақаласы арқылы табылды. Тапқан адам Қал­дыбеков Муташбек. Мәйі­тін 2012 жылы Аманжол деген аза­мат тапты. Сол жылы Оң­түс­тік Қазақстан облыстық мәс­лихаттың басшысы бастаған ар­найы делегация барып тағ­зым етті. 
Бүгінде батырдың есімі Ал­маты қаласындағы және Мақ­та­арал ауданы Асықата кентіндегі көшелерге берілген. 1985 жылы «Славянский» совхозы Жолды­бай Нұрлыбаев атындағы сов­хоз болып өзгертілді. Бұл ауыл­да батырдың мемориалдық бюс­ті орнатылған, ал 1971 жы­лы жергілікті мектепке Жолдыбай Нұрлыбаевтың есімі берілді.
Биыл Жеңіске 81 жыл бо­ла­ды. Қазақстан Жеңіске баға жетпес үлес қосты: 1,2 мил­лион­нан астам қазақстан­дық майданға аттанды, солар­дың 612-сі Кеңес Одағының Ба­­тыры атағына ие болды, оның 600 мыңнан астамы орал­мады. Қазақстандықтар Ста­лин­град шайқасы мен Бер­лин­ге шабуыл сияқты негізгі шай­­­қастарда өздерін дәлел­де­ді, ал тыл еңбегіндегілер оқ-дәрі өндіруге, азық-түлікке және эвакуацияланғандарды ор­на­лас­тыруға сенімді тірек болды. Отан соғысындағы қазақ жігіт­те­рінің батылдығы, жан­қияр­лық ерліктері тарих беттерінде мәң­гілік қалады. Біз олардың Отан үшін жасаған ерліктерін ұмытуға құқығымыз жоқ. Сон­дық­тан жас ұрпаққа айту біздің парызымыз.

Төребек АЙТБАЕВ,
зейнеткер, өлкетанушы
Түркістан облысы

Тарихи фотолар 
e-history.kz сайтынан алынды