Теория мен тәжірибе тоғысқан халықаралық алаң
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты ауқымды халықаралық «Жазғы мектеп» жобасын табысты жүзеге асырды.
Институт директоры Саракүл Нәлібаева мен Бұхара халықаралық университетінің ректоры Шариф Баратовтың бірлескен өзара келісімі мен жүйелі әріптестігі жобаның сәтті басталуына негіз қалады.

Жазғы мектеп теориялық білім мен практикалық дағдыны, іргелі ғылым мен ұлттық құндылықтарды тоғыстырған бірегей шығармашылық алаңға айналды. Өзбекстандық әріптестер үшін арнайы әзірленген бағдарлама аясында заманауи трендтерге негізделген қарқынды дәрістер, жетекші сарапшылардың интерактивті шеберлік сыныптары және тағылымы мол мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұндай кешенді тәсіл қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, олардың көшбасшылық әлеуетін ашуға, жаһандық ойлау жүйесін қалыптастыруға және мәдениетаралық коммуникацияны нығайтуға негізделген.

Қазіргі таңда екі іргелі жоғары оқу орны Орталық Азиядағы білім беру кеңістігін кеңейту, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру және ортақ білім беру бағдарламаларын іске қосу бағытында стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетіп келеді. Тұрақты диалог пен сенімді серіктестік екі университет арасындағы академиялық ұтқырлықты жаңа деңгейге көтеріп, оқытушылар мен тыңдаушылардың озық тәжірибе алмасуына, сондай-ақ ғылыми инновацияларды тәжірибеге енгізуіне жол ашты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Бұхара халықаралық университетімен бірлескен жазғы мектеп бағдарламасы – Орталық Азия өңіріндегі ең ауқымды білім беру платформаларының біріне айналуға бағытталған стратегиялық бастаманың алғашқы қадамы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар