Смарт су тұщыландыру жүйесін ойластырудамын — KazNU

91ý

Смарт су тұщыландыру жүйесін ойластырудамын

8 May 2026
Смарт су тұщыландыру жүйесін ойластырудамын

Мен Ақтау қаласының тумасымын. Теңіз жағасында өскен бала үшін су – жай ғана табиғат құбылысы емес. Алайда бір парадокс бар: біз теңіз жағасында тұрсақ та, ауыз­су мәселесі әрдайым өзекті болды. Су тапшылығы, тұ­щы­ландыру мәселесі, Жаңаөзендегі әлеуметтік жағдайлар – мұның бәрі менің балалық санамда қалып қойды. Осыған орай, мамандық таңдағанда кездейсоқ шешім қабылдаған жоқпын. Саналы түрде гидрологияны таңдадым.

Қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және та­биғатты пайдалану фа­куль­­­те­тінде білім алып жүр­­мін. Қа­зақстанда гидро­ло­гия ма­­­ман­дығы жүйелі түр­де оқытылатын же­текші жоғары оқу орын­да­рының бірі – біздің университет. Бұл маған үлкен жауап­кер­­ші­лікпен қатар, мақ­таныш сезімін де береді. Гидрология ғылымы ҚазҰУ-да терең әрі жүйелі түр­де дамып келеді. Бұл бағыт уни­верситетте кезең-кезеңі­мен қалыптасты: 1966 жылы «Құр­лық гидрологиясы» ма­ман­­дығы ашылса, ал 1969 жы­лы география факультеті құра­мын­да Гидрология кафедрасы ресми түрде құрылды. Бүгінде бұл кафедра еліміз бойынша осы салада мамандар даяр­лай­тын бі­регей ғылыми-білім бе­ру орталығы саналады. Мұн­­да тәжірибесі мол, жо­ғары білікті ұстаз-ғалымдар дәріс оқиды. Біз гидро­ло­гия­лық есеп­теулер, су ресурс­тарын бас­қару, климаттың су жүйе­леріне әсері, гидроло­гия­лық модельдеу және гео­­а­қ­­парат­тық жүйелер сияқты ба­ғыт­­тар­ды меңгереміз. Бұл бі­­лім тек теориямен шек­тел­­­мей, нақты мәселелерді ше­­шуге бағыт­тал­­ған практи­ка­лық дағ­­ды­­ларды қа­­­­лып­тастырады. 
Гидрология – тек «су туралы ғылым» емес. Бұл – қауіпсіздік, экономика, экология және бо­ла­шақ туралы ғылым. Біз су ре­сурстарын тиімді пайдалану, су тасқыны мен құрғақшылықты болжау, гидрологиялық дерек­тер­ді талдау сияқты маңызды дағдыларды игереміз. Қазір мен өз жобамда Ақтау – Жаңа­өзен бағыты бойынша смарт су тұщыландыру жүйесін ойлас­ты­рудамын. Мақсатым – жай ғана диплом қорғау емес, бо­ла­шақта іске асуы мүмкін нақ­ты модель ұсыну. Технология мен гидрологияны біріктіру ар­­қылы су тапшылығы мәсе­лесін жаңа деңгейде шешуге болады деген сенімдемін. 
Ақтау – менің туған жерім. Мен болашақта өз өңіріме, өз еліме пайдасы тиетін, нақты өзгеріс жасайтын маман бол­ғым келеді. Маған атақ емес, нәтижесі бар еңбек маңызды.
Су – болашақтың ең стра­те­гиялық ресурстарының бірі. Ал оны зерттеу, қорғау және тиім­ді пайдалану – менің өмір­лік таңдауым.

Тоғжан АЗАМАТҚЫЗЫ,
«Гидрология» мамандығының 3-курс студенті