Смарт су тұщыландыру жүйесін ойластырудамын
Мен Ақтау қаласының тумасымын. Теңіз жағасында өскен бала үшін су – жай ғана табиғат құбылысы емес. Алайда бір парадокс бар: біз теңіз жағасында тұрсақ та, ауызсу мәселесі әрдайым өзекті болды. Су тапшылығы, тұщыландыру мәселесі, Жаңаөзендегі әлеуметтік жағдайлар – мұның бәрі менің балалық санамда қалып қойды. Осыған орай, мамандық таңдағанда кездейсоқ шешім қабылдаған жоқпын. Саналы түрде гидрологияны таңдадым.
Қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде білім алып жүрмін. Қазақстанда гидрология мамандығы жүйелі түрде оқытылатын жетекші жоғары оқу орындарының бірі – біздің университет. Бұл маған үлкен жауапкершілікпен қатар, мақтаныш сезімін де береді. Гидрология ғылымы ҚазҰУ-да терең әрі жүйелі түрде дамып келеді. Бұл бағыт университетте кезең-кезеңімен қалыптасты: 1966 жылы «Құрлық гидрологиясы» мамандығы ашылса, ал 1969 жылы география факультеті құрамында Гидрология кафедрасы ресми түрде құрылды. Бүгінде бұл кафедра еліміз бойынша осы салада мамандар даярлайтын бірегей ғылыми-білім беру орталығы саналады. Мұнда тәжірибесі мол, жоғары білікті ұстаз-ғалымдар дәріс оқиды. Біз гидрологиялық есептеулер, су ресурстарын басқару, климаттың су жүйелеріне әсері, гидрологиялық модельдеу және геоақпараттық жүйелер сияқты бағыттарды меңгереміз. Бұл білім тек теориямен шектелмей, нақты мәселелерді шешуге бағытталған практикалық дағдыларды қалыптастырады.
Гидрология – тек «су туралы ғылым» емес. Бұл – қауіпсіздік, экономика, экология және болашақ туралы ғылым. Біз су ресурстарын тиімді пайдалану, су тасқыны мен құрғақшылықты болжау, гидрологиялық деректерді талдау сияқты маңызды дағдыларды игереміз. Қазір мен өз жобамда Ақтау – Жаңаөзен бағыты бойынша смарт су тұщыландыру жүйесін ойластырудамын. Мақсатым – жай ғана диплом қорғау емес, болашақта іске асуы мүмкін нақты модель ұсыну. Технология мен гидрологияны біріктіру арқылы су тапшылығы мәселесін жаңа деңгейде шешуге болады деген сенімдемін.
Ақтау – менің туған жерім. Мен болашақта өз өңіріме, өз еліме пайдасы тиетін, нақты өзгеріс жасайтын маман болғым келеді. Маған атақ емес, нәтижесі бар еңбек маңызды.
Су – болашақтың ең стратегиялық ресурстарының бірі. Ал оны зерттеу, қорғау және тиімді пайдалану – менің өмірлік таңдауым.
Тоғжан АЗАМАТҚЫЗЫ,
«Гидрология» мамандығының 3-курс студенті