«Sunqar&Shalqar» конвергентті радиожобасы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде жаңа бастама – «Sunqar&Shalqar» конвергентті радиожобасы іске қосылды. Бұл жоба болашақ радиожурналистердің тәжірибесін жетілдіріп, заманауи медианың талаптарына бейімделуіне бағытталған маңызды алаңға айналмақ.
Радиожобаның салтанатты ашылуы факультеттегі Марат Барманқұлов атындағы телестудияда өтті. Іс-шараға қатысушылар жаңа жобаның маңыздылығына тоқталды.
Айта кету керек, «Sunqar&Shalqar» радиожобасы «Shalqar» радиосымен бірлесе жүзеге асырылуда. Бұл – студенттер үшін таптырмас тәжірибе алаңы. Жоба аясында олар кәсіби ортада жұмыс істеп, радиожурналистикасының қыр-сырын терең меңгеруге мүмкіндік алады. Шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында «Shalqar» радиосының директоры Болатбек Төлепберген, сондай-ақ радио саласының майталмандары Жанар Оразымбет, Гүлназ Молдабергенова, Гүлбану Мұхтарқұлова, Гүлмира Нәлібай, Нұржамал Янгибаева, Бағдат Қапбасов және факультеттің ұлағатты ұстаздары болды.
Іс-шара барысында журналистика факультетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты Жидегүл Әбдіжәділқызы радио саласына қалай келгені туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Радиотолқындағы хабарларды қалай бастап, қалай жүргізу керектігі жөнінде практикалық кеңестер беріп, әсерлі шеберлік сабағын өткізді. Оның ерекше дауыс мәнері мен кәсіби шеберлігі қонақтарды тәнті етті. Ол радиожурналистің бойында әртістік қабілеттің де болуы керегін атап өтіп, дауыс табиғи, жасандылықтан ада болуы тиіс екенін түсіндірді. Сонымен қатар ұстаз өз тәжірибесінен мысал келтіріп, бұрынырақта ауа райын дәл жеткізу үшін терезеден қолын шығарып, жаңбырдың не тамшылап, не себелеп, әлде сіркіреп тұрғанын анықтап алып, тыңдарманға нақты хабар таратқандарын айтып берді.
Сондай-ақ Жанар Оразымбет өз сөзінде бұрынғы радио саласындағы қиындықтар мен қазіргі радиохабар тарату жүйесінің айырмашылығын атап өтіп, заман талабына сай ілесудің маңызын жеткізді. Ал факультеттің PhD докторы, деканның ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Алтын Ақынбекова радиодағы көпжылдық тәжірибесін айта келе, журналистика факультетіне жұмысқа келісімен «Qazaq» радиосының 100 жылдығына орай сала майталмандарын шақырып, факультетте шеберлік сабақтарын ұйымдастырғанын атап өтті. Ол мұндай тағылымды шаралардың алдағы уақытта да жалғасуы қажеттігін баса айтты.
Жалпы, конвергентті жаңа «Sunqar» радиожобасы студенттердің кәсіби дағдысын шыңдап қана қоймай, олардың шығармашылық ізденісіне серпін беретін, теория мен тәжірибені ұштастыратын тиімді платформаға айналмақ.
Нұрлыайым ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ,
әлеуметтік-тәрбие жұмысы
жөніндегі декан орынбасары, PhD
Other news