«Sunqar&Shalqar» конвергентті радиожобасы — ҚазҰУ

91ý

«Sunqar&Shalqar» конвергентті радиожобасы

11 мамыр 2026
«Sunqar&Shalqar» конвергентті радиожобасы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде жаңа бастама – «Sunqar&Shalqar» конвергентті радиожобасы іске қосылды. Бұл жоба болашақ радиожурналистердің тәжірибесін жетілдіріп, заманауи медианың талаптарына бейімделуіне бағытталған маңызды алаңға айналмақ.

Радиожобаның салтанатты ашы­луы факультеттегі Марат Барманқұлов атындағы телестудияда өтті. Іс-ша­ра­ға қатысушылар жаңа жобаның ма­ңыз­дылығына тоқталды. 
Айта кету керек, «Sunqar&Shalqar» радиожобасы «Shalqar» радиосымен бірлесе жүзеге асырылуда. Бұл – студенттер үшін таптырмас тәжірибе алаңы. Жоба аясында олар кәсіби ортада жұмыс істеп, радио­жур­на­лис­ти­касының қыр-сырын терең мең­ге­руге мүмкіндік алады. Шараға арнайы ша­қырылған қонақтар қатарында «Shalqar» радиосының директоры Бо­лат­бек Төлепберген, сондай-ақ радио саласының майталмандары Жанар Оразымбет, Гүлназ Молдабергенова, Гүлбану Мұхтарқұлова, Гүлмира Нә­лі­бай, Нұржамал Янгибаева, Бағдат Қап­басов және факультеттің ұлағатты ұстаздары болды. 
Іс-шара барысында журналистика факультетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты Жидегүл Әбді­жә­ділқызы радио саласына қалай кел­гені туралы қызықты естеліктерімен бө­лісті. Радиотолқындағы хабарларды қалай бастап, қалай жүргізу керектігі жөнінде практикалық кеңестер беріп, әсерлі шеберлік сабағын өткізді. Оның ерекше дауыс мәнері мен кәсіби ше­бер­лігі қонақтарды тәнті етті. Ол ра­дио­журналистің бойында әртістік қабілеттің де болуы керегін атап өтіп, дауыс табиғи, жасандылықтан ада болуы тиіс екенін түсіндірді. Сонымен қатар ұстаз өз тәжірибесінен мысал келтіріп, бұрынырақта ауа райын дәл жеткізу үшін терезеден қолын шыға­рып, жаңбырдың не тамшылап, не се­белеп, әлде сіркіреп тұрғанын анықтап алып, тыңдарманға нақты хабар та­рат­қандарын айтып берді. 
Сондай-ақ Жанар Оразымбет өз сөзінде бұрынғы радио саласындағы қиындықтар мен қазіргі радиохабар тарату жүйесінің айырмашылығын атап өтіп, заман талабына сай іле­су­дің ма­ңызын жеткізді. Ал факультеттің PhD докторы, деканның ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Алтын Ақынбекова ра­дио­дағы көпжылдық тәжірибесін айта келе, журналистика факуль­те­ті­не жұ­мысқа келісімен «Qazaq» ра­диосының 100 жылдығына орай сала майтал­ман­дарын шақырып, факуль­тетте ше­берлік сабақтарын ұйым­дастырғанын атап өтті. Ол мұндай тағылымды ша­ра­лардың алдағы уа­қытта да жалғасуы қажеттігін баса айт­ты. 
Жалпы, конвергентті жаңа «Sunqar» радиожобасы студенттердің кәсіби дағдысын шыңдап қана қоймай, олар­дың шығармашылық ізденісіне серпін беретін, теория мен тәжірибені ұш­тас­тыратын тиімді платформаға ай­нал­мақ.

Нұрлыайым ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ,
әлеуметтік-тәрбие жұмысы 
жөніндегі декан орынбасары, PhD