ҚазҰУ мен Қытай ғалымдары бірлескен зертхана ашты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Дәрілік өсімдіктерді зерттеу ғылыми орталығы мен Хуачжун ғылым және технология университетінің Тунцзи ауруханасы бірлесіп «Ухань дәрілік заттардың биологиялық белсенділігін бағалау» Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасын іске қосты. Аталған зертхана Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында орналасқан.

Жаңа ғылыми жоба фармакология, биомедицина және дәрілік препараттарды зерттеу салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама екі ел ғалымдарының тәжірибе алмасуына, инновациялық зерттеу әдістерін енгізуге және жас зерттеушілердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.

Зертхананың ашылу рәсіміне Дәрілік өсімдіктерді зерттеу ғылыми орталығының директоры, профессор Жанар Жеңіс, сондай-ақ Тунцзи медицина және фармацевтика колледжінің, Хуачжун ғылым және технология университеті мен Тунцзи ауруханасының жетекші мамандары мен өкілдері қатысты.

Шара барысында тараптар ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, академиялық ұтқырлықты арттыру, тәжірибе алмасу және білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағытындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Жиын аясында профессор Жанар Жеңіс дәрілік препараттардың биологиялық белсенділігі мен тиімділігін бағалаудың заманауи тәсілдеріне арналған баяндама жасап, бұл бағыттағы ғылыми зерттеулердің маңыздылығына тоқталды.

Қытайға жұмыс сапары барысында ҚазҰУ делегациясы Humanwell Healthcare (Group) Co., Ltd. фармацевтикалық зауытында болып, дәрілік заттарды әзірлеу мен өндірудің заманауи технологияларымен, сондай-ақ ғылыми нәтижелерді клиникалық тәжірибеге енгізу үдерісімен танысты.

Сондай-ақ ҚазҰУ зерттеушісі Жанар Жеңіс Herald of Medicine журналының редакциялық алқа мүшесі болып тағайындалды. Бұл Chinese Scientific and Technical Papers and Citations дерекқорына, сондай-ақ Пекин университеті кітапханасының «Қытайдың негізгі журналдары» анықтамалығына енгізілген қытайлық ғылыми журналы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар