ҚазҰУ студенттері халықаралық инженерлер додасында бас жүлдеге ие болдыFarabi University

91ý

ҚазҰУ студенттері халықаралық инженерлер додасында бас жүлдеге ие болды

13 мамыр 2026
ҚазҰУ студенттері халықаралық инженерлер додасында бас жүлдеге ие болды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Ташкент қаласында өткен «ШЫҰ-ның болашақ инженерлері» халықаралық фестивалінде үздік нәтиже көрсетіп, беделді байқаудың бас жүлдесін иеленді. Халықаралық додада ҚазҰУ жастары Қазақстанның абыройын асқақтатып, инженерлік білім мен инновациялық ойлау деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді.

Фестивальға сегіз мемлекеттен келген командалар қатысып, қазылар алқасына 22 стартап-жобаны ұсынды.

Инновациялар мен стартап-жобалар байқауында ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің «Робототехникалық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері Рамазан Нәлібек, Мәдина Ғабиденова, Мейір Срайлов және Әли Тынымбаев І орынға ие болды. Олардың заманауи инженерлік шешімдерге негізделген жобасы инновациялық мазмұны, болашаққа бағытталуы және тәжірибелік тұрғыдан тиімділігі үшін жоғары бағаланды.

Сонымен қатар ҚазҰУ студенттері техникалық сайыстарда да белсенді өнер көрсетті. Дархан Рафик, Ринат Мұсаев және Мәди Төлеутаев дрондар олимпиадасында бақ сынаса, Дарын Нұралы робототехника олимпиадасында университет намысын қорғап, бағдарламалау мен құрастыру саласындағы жоғары шеберлігін танытты.

Жеңімпаз студенттердің ғылыми жетекшісі – Механика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Балжан Ахметова. Оның жетекшілігімен студенттер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес, сапалы білім беру, индустрияны дамыту және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл бағыттарын қамтитын инновациялық жобалар әзірледі.

Жеңімпаз студенттер мен олардың жетекшісін шын жүректен құттықтаймыз!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі