Синьцзян медицина университетімен ғылыми байланыс бекиді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Синьцзян медицина университетінің проректоры Мукият Уласхан бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесуде тараптар медицина саласындағы өзекті мәселелерді қозғап, ортақ ғылыми жобаларды бірлесе іске асыру жолдарын талқылады. Сонымен қатар жас ғалымдарға қолдау көрсету және халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралды.

ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ базасындағы медицина және денсаулық сақтау факультетінің жетістіктері туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ректор ғылым мен білім саласындағы бірлескен жобалардың екі тарап үшін де маңызды екенін жеткізді.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина факультетінде қазақстандық студенттермен қатар, шетелдік жастар да дәріс алуда. Университет бұл бағытта медицина саласы бойынша халықаралық талаптарға сай, сапалы білім беру ісін табысты жалғастырып келеді. Сондай-ақ ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспары аясында жаңа университеттік емхана бой көтереді. Бұл нысан білім алушы жастардың тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік береді», – деді ректор.

Өз кезегінде Мукият Уласхан ҚазҰУ-мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығын жеткізді. «ҚазҰУ – Орталық Азиядағы жетекші оқу орындарының бірі. Біз медицина ғылымы мен білім беру саласында тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Алдағы уақытта студенттер мен жас ғалымдардың академиялық байланысын күшейтіп, өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін», – деді проректор.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі