«Жаңа Конституция және заманауи қоғам» атты университеттік форум
2026 жылғы 14 мамыр күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасында заң факультетінің ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция және заманауи қоғам» атты университеттік форум жоғары деңгейде өтті. Аталған іс-шара Қазақстан қоғамындағы конституциялық реформалардың маңызын, құқықтық мемлекет қағидаттарын және заманауи қоғамның дамуындағы Конституцияның рөлін талқылауға арналды.
Форум жұмысына университеттің профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар, студенттер мен магистранттар қатысып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық қоғамды дамыту және заң үстемдігін нығайту мәселелері кеңінен қозғалды.
Іс-шара барысында заң факультетіне қарасты кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы да белсенді қатысып, өз ой-пікірлері мен ғылыми көзқарастарын ортаға салды. Форум аясында кафедра меңгерушісі Г.А. Куаналиева бүгінгі таңда әділетті қоғам қалыптастыруда білім мен ғылымның, әсіресе заң саласындағы ғылыми зерттеулердің маңызы зор екені туралы өз пікірін білдірді. Форум барысында қатысушылар конституциялық өзгерістердің әлеуметтік-саяси дамуға әсері, адам құқықтарын қорғау тетіктері, экологиялық қауіпсіздік пен қаржылық құқықтық қатынастарды жетілдіру мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Аталған университеттік форум ғылыми пікір алмасу алаңына айналып, қатысушылар арасында тәжірибе мен көзқарас алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Іс-шара соңында форум қатысушылары Конституция құндылықтарын дәріптеу, құқықтық мәдениетті арттыру және жастар арасында заңға құрметті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Басқа жаңалықтар