Жансейіт Түймебаев Бішкек филиалын дамытудың жаңа міндеттерін белгіледі — ҚазҰУ

91ý

Жансейіт Түймебаев Бішкек филиалын дамытудың жаңа міндеттерін белгіледі

18 мамыр 2026
Жансейіт Түймебаев Бішкек филиалын дамытудың жаңа міндеттерін белгіледі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Бішкек қаласындағы халықаралық филиалдың қызмет нәтижелерін бағалау және оның алдағы стратегиялық даму бағыттарын айқындау мақсатында арнайы жұмыс сапарымен барды. 

Сапар аясында оқу ордасының басшысы филиал басшылығымен, оқытушы-профессорлық құраммен, қызметкерлер және студенттермен кеңейтілген кездесу өткізді. 

Жиында Жансейіт Қансейітұлы филиалдың қарқынды даму динамикасына жоғары баға беріп, оның Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы білім беру мен ғылым саласындағы алтын көпірге айналған маңызды рөлін ерекше атап өтті. Өз сөзінде ректор бұл құрылымдық бөлімшенің 2022 жылғы 26 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың тікелей қатысуымен ашылған тарихи жоба екенін еске салды. 

Бүгінде мұнда бакалавриат пен магистратура бағыттары бойынша 12 іргелі білім беру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Олардың ішінде ең жоғары сұранысқа ие бағыттар қатарында «Құқықтану», «Менеджмент», «Компьютерлік инженерия» және «Шетел филологиясы» мамандықтары бар. Қазіргі таңда білім ордасында 1170 студент пен 24 магистрант дәріс алуда, сондай-ақ үстіміздегі оқу жылында филиалға тағы 633-тен астам талапкер қабылданып, білім алушылар контингенті айтарлықтай өскен. Оқу үдерісі халықаралық талаптарға сай орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіліп келеді.

Кездесу барысында университет басшысы заманауи білім беру үрдістеріне сай келетін басым бағыттарға тоқталып, ақпараттық технологиялар мен фармацевтикалық зертханаларды дамыту, оқу процесін толық цифрландыру және халықаралық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін алға тартты. Сонымен қатар ЖОО басшысы академиялық ұтқырлықты кеңейту, қосдипломды білім беру және алмасу бағдарламаларының санын арттырумен қатар, филиал студенттері үшін бас университеттегі жетекші профессорлардың онлайн дәрістерін жүйелі ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.

 Басқосуда «Құқықтану» білім беру бағдарламасының әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылып, ректор студенттер мен оқытушыларға нормативтік-құқықтық реттеу және кедендік бақылау саласында практикалық мәні бар жобаларды бірлесе әзірлеуді ұсынды. Ректордың айтуынша, қазіргі жас буын заманауи технологияларды еркін меңгергендіктен және креативті көзқарастарының арқасында цифрлық тетіктерді жетілдіруге, трансшекаралық үдерістерді оңтайландыруға нақты үлес қоса алады. 

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің кешенді міндеттері белгіленді. Осы орайда, алдағы уақытта академиялық алмасуды кеңейту мен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, білім беру қызметтерінің сапасын жаңа деңгейге көтеру, оқытушы-профессорлық құрам мен әкімшілік қызметкерлерге арналған халықаралық біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, сондай-ақ филиалдың материалдық-техникaлық және ғылыми-зертханалық базасын кезең-кезеңімен жаңғырту туралы маңызды шешімдер қабылданды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі