ҚазҰУ Erasmus+ жобалары бойынша алда келедіFarabi University

91ý

ҚазҰУ Erasmus+ жобалары бойынша алда келеді

18 мамыр 2026
ҚазҰУ Erasmus+ жобалары бойынша алда келеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы іссапармен Еуропалық білім және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттіктің (EACEA) жобалық офицері, Орталық Азиядағы «Жоғары білім әлеуетін арттыру» бағыты бойынша мониторингтік топтың сарапшысы Мария-Соль Домингез Паррадо келді.

Пленарлық сессияда қонақтарды Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева қарсы алып, университеттің Erasmus+ бағдарламасына қатысу әлеуетін одан әрі кеңейтуге дайын екенін алға тартты. Ол өз сөзінде ҚазҰУ үшін Еуропалық одақпен серіктестік институционалдық дамудың маңызды драйверіне айналғанын жеткізді.

«Біздің университетіміз өңірдегі Erasmus+ жобаларын саны мен сапасы бойынша көш бастап тұрған жоғары оқу орындарының бірі. Қазіргі таңда 17 жоба табысты жүзеге асырылуда, олардың әрқайсысы университеттің білім беру және ғылыми-инновациялық экожүйесін жаңғыртуға нақты үлес қосып отыр. Жоғары білім әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлерге халықаралық консорциумдарда жұмыс істеу арқылы мәдениетаралық құзыреттерін дамытуға кең мүмкіндік берді», – деді проректор.

 

Жұмыс сессиясын ылыми-инновациялық қызмет департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек жүргізді. Erasmus+ бағдарламасы аясындағы 17 жобаның үйлестірушілері робототехника және ғарыштық зерттеулер, ақпараттық қауіпсіздік, компьютерлік лингвистика, смарт-қалалар, медициналық білім беру, геоақпараттық жүйелер, қалдықтарды басқару және экологиялық информатика бағыттарындағы нәтижелер мен ағымдағы жұмыстарды таныстырды.

Құрметті қонақ GreenTech Horizons Erasmus+ жобасы шеңберінде құрылған Цифрлық инновациялық шешімдер зертханасының ашылу рәсіміне қатысты. Кампус-тур барысында жоба офицері университеттің негізгі ғылыми нысандарын аралады. Атап айтқанда Тұрақты даму ғылыми орталығы, Қазақстан-Қытай қашықтан зондтау зертханасы, суперкомпьютерлік кластері, Farabi HUB инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы, сондай-ақ робототехника, химия және геоақпараттық технологиялар бойынша оқу зертханаларының жұмысымен танысты.  

Сапар соңында студенттер, университет қызметкерлері, мемлекеттік органдар және жеке сектор өкілдерімен кездесулер өтті. 

Мониторингтік сапар ҚазҰУ-да Erasmus+ еуропалық жобаларының жоғары деңгейде іске асырылып жатқанын көрсетіп, университеттің еуропалық академиялық қауымдастықпен институционалдық әріптестігін одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі