- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің өкілі Гранада университетіндегі халықаралық бағдарламаға қатысты. ТДМ 4 және ТДМ 17
ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің өкілі Гранада университетіндегі халықаралық бағдарламаға қатысты. ТДМ 4 және ТДМ 17
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасары Испанияның Гранада университеті ұйымдастырған UGR International Relations Week 2026: “Empowering Global Mobility and Cultural Connections” халықаралық бағдарламасына қатысты.
Аталған халықаралық іс-шара Еуропа, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінен жоғары білімді интернационалдандыру, академиялық ұтқырлық, халықаралық білім беру бағдарламаларын іске асыру және университетаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында қызмет ететін жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктірді. ҚазҰУ өкілінің осы бағдарламаға қатысуы физика-техникалық факультеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейту, шетелдік жоғары оқу орындарымен институционалдық байланыстарды нығайту және халықаралық білім беру қызметін басқарудың заманауи тәсілдерін зерделеу тұрғысынан маңызды қадам болды.
Халықаралық апталық бағдарламасы академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру, халықаралық білім беру бағдарламаларын әкімшілендіру, халықаралық бөлімдердің қызметін жетілдіру және университеттер арасындағы орнықты әріптестік тетіктерін қалыптастыру салаларындағы озық тәжірибемен алмасуға бағытталды. Бағдарлама аясында қатысушылар Erasmus+ бағдарламаларын іске асырудың практикалық аспектілеріне, халықаралық серіктестіктерді басқаруға, конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және студенттер мен қызметкерлердің академиялық ұтқырлығын әкімшілік тұрғыдан сүйемелдеу тетіктерін жетілдіруге арналған тақырыптық семинарлар мен сараптамалық сессияларға қатысты.
Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі Erasmus+ KA171 International Credit Mobility бағдарламасын іске асыру тетіктерін зерделеу болды. Атап айтқанда, институционаларалық келісімдерді қалыптастыру, қатысушыларды іріктеу рәсімдері, ұтқырлықты құжаттық сүйемелдеу талаптары, сондай-ақ ашықтық, инклюзивтілік және халықаралық білім беру мүмкіндіктеріне тең қолжетімділік қағидаттары жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу барысында әлеуметтік, экономикалық, географиялық немесе өзге де кедергілерге тап болатын студенттерді қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кәсіби сессиялар барысында университеттердің халықаралық қызметін цифрлық трансформациялау бағытындағы заманауи еуропалық тәсілдер таныстырылды. Олардың қатарында Erasmus Without Paper цифрлық құралдарын пайдалану, Blended Intensive Programmes (BIP) форматтарын дамыту, Collaborative Online International Learning (COIL) үлгілерін енгізу, сондай-ақ шетелге шықпай-ақ халықаралық білім беру тәжірибесіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін internationalization at home тұжырымдамасын кеңейту мәселелері қамтылды.
.jpeg)
Бағдарламаның мазмұнды бөлігі академиялық ұтқырлық үдерісінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Атап айтқанда, студенттердің жаңа академиялық және әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделуі, психологиялық әл-ауқаты, тілдік даярлығы, оқу нәтижелерін академиялық тану, тұрмыстық жағдайларды ұйымдастыру және жіберуші мен қабылдаушы университеттер арасындағы тиімді коммуникацияны қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Бұл тұрғыда Гранада университетінің тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды, себебі аталған университет халықаралық академиялық ұтқырлық саласында Еуропадағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.
Физика-техникалық факультет үшін халықаралық networking-сессиялар мен шетелдік университеттердің халықаралық бөлімдерінің өкілдерімен кәсіби кездесулердің маңызы ерекше болды. Бұл кездесулер барысында студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен білім беру бастамаларын әзірлеу, халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу және көпжақты әріптестіктің жаңа форматтарын дамыту перспективалары талқыланды.
Аталған бағдарламаға қатысу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасуға және орнықты халықаралық серіктестіктерді дамытуға бағытталған стратегиялық басымдықтарына толық сәйкес келеді.
Бұл қызметтің Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыру тұрғысынан да маңызы зор. Атап айтқанда, халықаралық бағдарламаға қатысу халықаралық озық білім беру тәжірибелеріне қолжетімділікті кеңейту, академиялық ұтқырлық тетіктерін жетілдіру және білім беру ортасының сапасын арттыру арқылы ТДМ 4 – «Сапалы білім» мақсатына қол жеткізуге үлес қосады.
Сонымен қатар бұл бастама жоғары оқу орындары арасындағы институционалдық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және жаңа халықаралық кәсіби байланыстар қалыптастыру арқылы ТДМ 17 – «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» мақсатының жүзеге асуына ықпал етеді.
Физика-техникалық факультет үшін осындай халықаралық бастамаларға қатысу стратегиялық маңызға ие, өйткені бұл факультеттің халықаралық әлеуетін одан әрі арттыруға, студенттер, оқытушылар мен зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, академиялық беделін нығайтуға және халықаралық білім беру мен ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.
Басқа жаңалықтар