ҚазҰУ білім бағдарламаларын Моңғолияда таныстырдыFarabi University

91ý

ҚазҰУ білім бағдарламаларын Моңғолияда таныстырды

19 Май, 2026
ҚазҰУ білім бағдарламаларын Моңғолияда таныстырды

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында алғаш рет «Study in Kazakhstan» халықаралық білім көрмесі ұйымдастырылды. Екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері арнайы қатысып, жоғары оқу орнының білім беру әлеуетін таныстырды.

 

Ауқымды халықаралық көрмені ҚР ылым және жоғары білім министрлігі, Моңғолияның Білім министрлігі және Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – қазақстандық жоғары білімнің тартымдылығын арттыру және шетелдік талапкерлерді тарту.

Екі күнге созылған көрме барысында ҚазҰУ делегациясы моңғолиялық талапкерлерге, студенттер мен ата-аналарға университеттің білім беру бағдарламаларын жан-жақты таныстырды. Көрмеге келушілер бакалавриат, магистратура және докторантура бағыттарын қамтитын үш деңгейлі білім беру бағдарламалары бойынша толық мағлұмат пен жеке кеңестер алды. Сонымен қатар оларға академиялық ұтқырлық пен шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндіктері сияқты халықаралық интеграция бағыттары және шетелдік азаматтарға арналған мемлекеттік шәкіртақылық бағдарламалар мен грантқа түсу шарттары кеңінен түсіндірілді.

ҚазҰУ павильоны көрмеге қатысушы жастар мен білім беру ұйымдары өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Моңғолиялық талапкерлер әсіресе қазақстандық жетекші университеттегі заманауи мамандықтар мен қосдипломды бағдарламаларға үлкен қызығушылық танытты.

Көрме аясында қазақстандық делегация, соның ішінде ҚазҰУ өкілдері Моңғолияның жетекші жоғары оқу орындарына ресми сапармен барды. Атап айтқанда Моңғолия мемлекеттік университеті (National University of Mongolia) мен Қаржы және экономика университетінің (University of Finance and Economy) басшылығымен кездесулер өтті.

Кездесулер барысында тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, оқытушылар мен студенттер алмасу бағдарламаларын жандандыру, сондай-ақ Орталық Азия мен Моңғолия өңіріндегі білім беру сапасын арттырудың ортақ тетіктерін әзірлеу бағыттары бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі