Алматыдағы «Музей түні»: мәдени мұра мен жастарды тоғыстырған рухани алаң
18 мамыр күні Алматы қаласы музейлер бірлестігі ұйымдастырған дәстүрлі «Музей түні» мәдени іс-шарасына өндірістік практика аясында «Мәдениет KZ» клубының мүшелері, 1–2 курс студенттері және дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушылары қатысты.
Аталған мәдени шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі — «Тұрақты даму үшін серіктестік» қағидатын жүзеге асыру аясында өткізілді. Іс-шара мәдени мекемелер мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, студенттердің мәдени тәжірибесін кеңейтуге, олардың кәсіби және әлеуметтік құзыреттіліктерін дамытуға бағытталды. Сонымен қатар музей кеңістігінің қазіргі қоғамдағы мәдени коммуникацияны қалыптастырушы маңызды институт ретіндегі рөлі айқын көрініс тапты.
Шараға дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушылары Құдайбергенов С.Е., Қантарбаева Ж.О., Аликбаева М.Б., Әйтенова А.А., сондай-ақ өндірістік практика және клуб жетекшісі Кудерина А.Н. жетекшілігімен қатысты, Іс-шара барысында студенттер музей қызметінің мәдени-ағартушылық бағыттарымен танысып, мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың заманауи тәсілдерін тәжірибелік тұрғыдан бақылауға мүмкіндік алды.
«Музей түні» бағдарламасы аясында театрландырылған экскурсиялар, «Тарих ізімен» квест-ойыны ұйымдастырылып 2 курс мәдениеттану студенттері сол ойнның 3 орын жүлдегері болды, бірегей жәдігерлер көрмесі, шеберлік сабақтары, балалар аймағы мен аквагрим, фотоаймақтар, интеллектуалды ойындар мен сыйлықтар, театр және цирк қойылымдары, сондай-ақ ашық аспан астындағы кинокөрсетілім ұйымдастырылды. Кеш бағдарламасы келушілерге тарихи-мәдени мұрамен жақынырақ танысуға, музей кеңістігін жаңа форматта қабылдауға және мәдени демалыстың ерекше үлгісін сезінуге мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында келушілер тарихи кейіпкерлермен кездесіп, түрлі интерактивті ойындар мен мәдени бағдарламаларға белсенді қатысты. Театрландырылған көріністер мен сахналық қойылымдар музей кеңістігінің мазмұнын байытып, келушілерге тарихи кезеңдердің атмосферасын тереңірек сезінуге ықпал етті. Бұл мәдени кеш қоғам мен қала тұрғындарын мәдени институттар арасындағы байланысты күшейтіп, жастардың мәдени сана-сезімін қалыптастыруға өз үлесін қосты.
Кеш аясында Алматы музейінде қазақстандық өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Атап айтқанда, Kalifarniya, Баян Сұлу, «Алашұлы» тобы, «IL Canto» квартеті және «Асанәлі Әшімов» театрының шығармашылық ұжымы қатысып, келушілерге ерекше концерттік бағдарлама ұсынды. Музыкалық және театрлық қойылымдар кештің мәдени мазмұнын толықтырып, музей кеңістігін шығармашылық пен рухани байланыстың ерекше ортасына айналдырды.
«Музей түні» мәдени іс-шарасы жастардың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға, ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға және мәдени серіктестікті дамытуға бағытталған маңызды алаң ретінде өз маңызын көрсетті. Осындай жобалар мәдениет пен білім беру саласының өзара ықпалдастығын арттырып, студенттердің тәжірибелік білімін тереңдетуге мүмкіндік береді.