ҚазҰУ ғалымдарының жобасы мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ ғалымдарының жобасы мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті

20 мамыр 2026
ҚазҰУ ғалымдарының жобасы мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жүзеге асырылып жатқан «Іле Алатауының шығыс бөлігіндегі мұздықтық-мореналық көлдерінің ақтарылу қауіптілігін бақылау мен бағалауға арналған аймақтық геоақпараттық жүйені әзірлеу» ғылыми жобасы Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы жүргізген мемлекеттік мониторингтен сәтті өтті.

Жоба география және табиғатты пайдалану факультетінің доценті м.а. Әсел Абдуллаеваның жетекшілігімен жүзеге асырылуда.

Экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бұл зерттеу жұмысының күнтізбелік жоспары, қол жеткізілген жоғары ғылыми нәтижелері, халықаралық деңгейдегі жарияланым белсенділігі мен мақсатты индикаторларының орындалу барысы сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. 

Мониторинг қорытындысы бойынша жобаның іс жүзіндегі және тәжірибелік құндылығының маңыздылығы ескеріліп, оны мемлекет тарапынан әрі қарай да нысаналы қаржыландыру туралы шешім қабылданды. 

Қазіргі таңда ҚазҰУ ғалымдары Іле Алатауының шығыс бөлігіндегі мореналық-мұздық көлдердің бірегей деректер базасын құрып, көлдер динамикасын нақты бағалау үшін заманауи ғарыштық және аэрофототүсірілімдерге терең талдау жүргізді. Сонымен қатар аймақтағы сел қаупінің алдын алу мақсатында Талғар өзенінің арнасына заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы заманауи түсірілімдер жасалып, жоғары дәлдіктегі цифрлық жер бедері моделі әзірленді. 

ҚазҰУ ғалымдарының бұл серпінді жобасы отандық ғылымның өрісін кеңейтіп, табиғи апаттардың алдын алуға және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі