«Экология» ББ студенттерінің жаңа тәжірибесі және жоғары нәтижелеріFarabi University

91ý

«Экология» ББ студенттерінің жаңа тәжірибесі және жоғары нәтижелері

13 мамыр 2026
«Экология» ББ студенттерінің жаңа тәжірибесі және жоғары нәтижелері

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің «Экология» білім беру бағдарламасының 2, 3 және 4 курс студенттері алғаш рет ТМД елдері жоғары оқу орындарының XV Халықаралық экологиялық олимпиадасына қатысты. Олимпиада 2026 жылғы 13–24 сәуір аралығында Беларусь мемлекеттік университетінің А.Д. Сахаров атындағы Халықаралық мемлекеттік экологиялық институтының базасында (Минск қ., Беларусь Республикасы) қашықтық форматта өтті.

Бірінші команда құрамында 3 курс студенттері Мажитов Эльдар Евгеньевич, Фадеева Арина Игоревна, Сулейменова Асылай Раймбековна және 4 курс студенті Елеусинова Дильназ Кенжеқызы өнер көрсетті. Команданы олимпиадаға тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушысы Хамитова К.К.  дайындады.

Екінші команданың жетекшісі тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушысы Минжанова Г.М. болды. Команда құрамына 2 курс студенттері Нурлибаева Аружан Нурлановна, Мухтарова Сабина Адилжановна, Кошоев Ислам Маражаббаевич, Беляева София Дмитриевна, Абдыкадырова Сабина Данияровна кірді.

Олимпиадаға Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан елдерінің жоғары оқу орындарынан барлығы 43 команда қатысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командалары бұл халықаралық іс-шарада Қазақстан Республикасының жалғыз өкілдері болды. Қатысушылар қатарында Беларусь мемлекеттік университеті, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті, Томск мемлекеттік университеті, Сібір федералдық университеті, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті, Югор мемлекеттік университеті, Қырғыз-Ресей Славян университеті және басқа да жетекші жоғары оқу орындары болды.


 

Олимпиада бағдарламасына «Үздік визит карточкасы» байқауы, практикалық тур, теориялық тур (тестілеу), «Электр көлігі: экологиялық шешім бе әлде жаңа мәселе ме?» тақырыбындағы эссе байқауы, сондай-ақ «Болашақ баспанасы» тақырыбындағы экологиялық жобаларды қорғау кірді. Қатысушылар теориялық білімдерін, практикалық дағдыларын және экологиялық мәселелерді шешудегі шығармашылық көзқарастарын көрсетті.

Байқау кезеңдерін бағалау халықаралық қазылар алқасы мен Олимпиаданың жұмыс топтары тарапынан жүргізілді. Олардың құрамына экология, тұрақты даму және табиғатты пайдалану саласындағы жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-білім беру орталықтарының оқытушылары, ғалымдары және мамандары кірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Экология» ББ студенттері университет намысын лайықты қорғап, келесі номинациялар бойынша жүлделі орындарға ие болды:

• практикалық турда I орын — 1 команда;

• практикалық турда III орын — 2 команда;

• теориялық турда III орын — екі команда;

• шығармашылық эссе байқауында III орын — 2 команда.

Халықаралық экологиялық олимпиадаға қатысу студенттер үшін маңызды тәжірибе болып, олардың жоғары дайындық деңгейін, ғылыми әлеуетін және халықаралық деңгейдегі командалық жұмыс дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді.

Студенттер мен ғылыми жетекшілерді жоғары нәтижелерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта жаңа ғылыми жетістіктер мен жарқын жеңістер тілейміз!