Химия саласындағы инновациялар талқыландыFarabi University

91ý

Химия саласындағы инновациялар талқыланды

22 мамыр 2026
Химия саласындағы инновациялар талқыланды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Функционалдық материалдардың химиялық технологиялары» атты XII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға Қазақстан, Ресей және шетелдерден келген жетекші ғалымдар, зерттеушілер мен жас мамандар қатысты.

Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Химия және химиялық технология факультеті «Физикалық химия, катализ және мұнайхимия» кафедрасы мен Новосібір мемлекеттік техникалық университеті (НМТУ) және Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің «Қатты дене химиясы және механохимия» институты бірлесіп ұйымдастырды.

Салтанатты ашылу рәсімінде жетекші ғылыми мектептердің өкілдері сөз сөйледі. Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Қатты дене химиясы және механохимия институтының директоры, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Александр Немудрый екі ел ғалымдарының күш біріктіруі материалтану саласындағы іргелі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, бірлескен технологиялық жобалардың әлеуетіне жоғары баға берді.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Мөлдір Дүйсебаева білікті мамандар даярлаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ол бұл конференция жыл сайын ғылыми тәжірибе алмасуға және екі ел арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналғанын атап өтті.

Кафедра меңгерушісі, профессор Аубакиров Ермек Айтқазыұлы өз сөзінде Ресей мен Қазақстан ғалымдарының бірлескен ғылыми зерттеулерін одан әрі дамыту, халықаралық ғылыми жобаларды бірлесіп дайындау және ұсыну жұмыстарын жандандыру, зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми басылымдарда жариялау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту, жас ғалымдарды, магистранттар мен докторанттарды ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді тарту, сондай-ақ университеттер, ғылыми орталықтар мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы ғылыми байланысты нығайту маңызды екенін атап өтті.

Конференция бағдарламасы қазіргі ғылымның негізгі бағыттарын қамтыды. Атап айтқанда функционалдық материалдарды синтездеу және модификациялау, мұнай химиясындағы каталитикалық үдерістер, жасыл технологияларды дамыту және химия өндірісінің экологиялық мәселелері кеңінен талқыланды. 

Пленарлық және секциялық отырыстардан бөлек, қатысушылар ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, зертханалары және инновациялық орталықтарының жұмысымен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі