- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Цифрлық трансформация және жасанды интеллектті дамыту жағдайында Қазақстанның қаржы секторын құқықтық реттеу» тақырыбында халықаралық-тәжірибелік конференция өтті
«Цифрлық трансформация және жасанды интеллектті дамыту жағдайында Қазақстанның қаржы секторын құқықтық реттеу» тақырыбында халықаралық-тәжірибелік конференция өтті
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында 2026 жылғы 22 сәуірде «Цифрлық трансформация және жасанды интеллектті дамыту жағдайында Қазақстанның қаржы секторын құқықтық реттеу» тақырыбында халықаралық-тәжірибелік конференция өтті.
Аталған маңызды ғылыми іс-шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Гүлдана Амангельдиевна Куаналиева алғы сөзбен ашты. Ол өз сөзінде қазіргі кезеңде цифрлық технологиялардың қаржы секторына қарқынды енуі жаңа құқықтық тәсілдерді талап ететінін атап өтті. Сонымен қатар жасанды интеллектті тиімді әрі қауіпсіз пайдалану үшін құқықтық базаны жетілдірудің өзектілігіне ерекше назар аударды.
Конференция жұмысына шетелдік жетекші ғалымдар онлайн форматта қатысып, өздерінің ғылыми баяндамаларын ұсынды. Атап айтқанда, заң ғылымдарының докторы, профессордың міндетін атқарушы Аманлык Базарбаевич Гулимов (Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті), профессор Томас Хоффманн (Таллин технологиялық университеті), профессор Эдвардас Юхневичюс (Гданьск мемлекеттік университеті, Польша), заң ғылымдарының докторы, профессор Парвон Зайналобиддин Мирзозода (Тәжік ұлттық университеті), сондай-ақ заң ғылымдарының кандидаты, доцент Одилбек Абдулназар Мавлоназарзода және экономика ғылымдарының кандидаты Бобуршох Боходир ұлы Ибрагимов (Ташкент мемлекеттік экономикалық университеті) өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Баяндамаларда қаржы секторын цифрландыру, FinTech индустриясын құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау, жасанды интеллектті қолданудың құқықтық тәуекелдері мен мүмкіндіктері кеңінен қарастырылды. Әсіресе, халықаралық тәжірибені ескере отырып, ұлттық заңнаманы жетілдіру жолдары ұсынылды.
Конференция барысында кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы белсенді түрде қатысып, пікір алмасу алаңында қызу ғылыми дискуссия өрбіді. Қатысушылар заманауи цифрлық трансформация жағдайында құқықтық ғылымның рөлі артып келе жатқанын және бұл бағыттағы ғылыми ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.
Іс-шара нәтижесінде қаржы секторын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленіп, оларды тәжірибеге енгізу мәселелері қарастырылды. Бұл конференция Қазақстандағы цифрлық даму мен жасанды интеллектті құқықтық қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.