- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Халықаралық жазғы мектеп – 2026: Industry 4.0 дәуіріндегі креативті экономика және тұрақты даму»
«Халықаралық жазғы мектеп – 2026: Industry 4.0 дәуіріндегі креативті экономика және тұрақты даму»
Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Экономика» кафедрасы ұйымдастырған «Sustainable Development and ESG: Global Challenges, National Priorities, Effective Solutions» атты Халықаралық жазғы мектеп аясында экономика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Шыңғыс Нұрғазы «Creative Economy in the Era of Industry 4.0» тақырыбында дәріс оқыды.
Дәріс барысында Industry 4.0 жағдайындағы креативті экономиканың даму үрдістері, цифрлық трансформацияның қоғам мен экономикаға әсері, сондай-ақ тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі адами капитал мен шығармашылық индустриялардың рөлі талқыланды. Спикер қазіргі таңда елдердің бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстармен ғана емес, сонымен қатар инновация, технология, кино, дизайн, мәдениет және брендтер сияқты адам шығармашылығының нәтижелерімен де анықталатынын атап өтті.
Дәріс барысында Франция, Германия, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің мысалдары келтіріліп, олардың халықаралық деңгейдегі имиджі креативті индустриялар арқылы қалыптасқаны айтылды. Сонымен қатар Қазақстанның да табиғи ресурстарға тәуелділіктен біртіндеп білімге, инновацияға және шығармашылық әлеуетке негізделген тұрақты экономикаға көшу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Спикердің пікірінше, креативті экономика жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, инновациялық экожүйені қалыптастыруға және елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда шығармашылық, цифрлық технологиялар мен кәсіпкерлікті дамыту Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Іс-шараға қатысушылар дәріс тақырыбына ерекше қызығушылық танытып, креативті индустриялардың болашағы, ESG күн тәртібі және тұрақты даму мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.