- Басты бет
- Жаңалықтар
- Шоқан Уәлихановтың ғылыми көзқарастары мен рухани мұрасын насихаттауға арналған танымдық іс-шара
Шоқан Уәлихановтың ғылыми көзқарастары мен рухани мұрасын насихаттауға арналған танымдық іс-шара
2026 жылғы 22 мамырда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасында қазақтың көрнекті ғалымы, ағартушысы, этнографы, шығыстанушысы әрі саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың ғылыми көзқарастары мен рухани мұрасын насихаттауға арналған танымдық іс-шара өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Шоқан Уәлихановтың бай ғылыми мұрасын жан-жақты таныстыру, оның қазақ ғылымы мен мәдениетінің дамуына қосқан тарихи үлесін дәріптеу, сондай-ақ студент жастардың ұлттық тарихқа, ғылымға және рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру болды.
Аталған шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы ұйымдастырды. Іс-шараға кафедра оқытушылары, студенттер мен жас зерттеушілер қатысып, Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері, тарихи зерттеулері, этнография, география, құқықтық көзқарастары мен ағартушылық қызметі төңірегінде кеңінен пікір алмасты.
Шараның ашылуында кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Қуаналиева сөз сөйлеп, Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасының қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерделеудегі ерекше орнына тоқталды. Өз сөзінде ол ғалым еңбектерінің бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын, оның ғылыми тұжырымдары жас ұрпақ үшін маңызды рухани әрі танымдық бағдар болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар студенттерді ұлттық ғылыми мұраны терең зерделеуге, тарихи сананы қалыптастыруға және отандық ғылымды құрметтеуге шақырды.
Іс-шара барысында қатысушылар баяндамалар жасап, Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектеріне жан-жақты талдау жүргізді. Әсіресе оның қазақ қоғамы, дәстүрлі құқық, тарих, мәдениет пен өркениет туралы зерттеулеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар арасында мазмұнды пікірталас өрбіп, ғалым мұрасының қазіргі ғылым мен білім беру саласындағы маңызы кеңінен талқыланды.
Шара барысында заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор У.А. Ахатов та өз пікірін білдіріп, Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы – ұлттың баға жетпес рухани қазынасы екенін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде ғалымның ғылыми еңбектері бүгінгі жастар үшін тағылымы мол мұра екенін айтып, мұндай тәрбиелік және ғылыми бағыттағы іс-шаралардың студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, олардың ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттырудағы маңызын жоғары бағалады.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды әрі тағылымды өтті. Кездесу студенттердің ғылыми танымын кеңейтуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, тарихи тұлғалардың мұрасын құрметтеуге және жас ұрпақтың рухани-мәдени тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
