- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ өкілі Самарқандтағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасады
ҚазҰУ өкілі Самарқандтағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасады
2026 жылғы 25 мамырда Самарқанд экономика және қызмет көрсету институты ұйымдастырған «Тұрақты даму және жасыл трансформацияның заманауи механизмдері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, экономика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Шыңғыс Нұрғазы қатысты.
Конференцияның пленарлық отырысында Шыңғыс Нұрғазы «Creative Economy for Sustainable Development» («Тұрақты даму үшін креативті экономика») тақырыбында баяндама жасап, креативті экономиканың тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі және болашақтың бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастырудағы рөлін жан-жақты талдады.
Баяндамашы цифрлық трансформация мен білім экономикасына көшу жағдайында креативті индустриялардың экономикалық өсудің жаңа көздерін қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар адами капиталдың, инновациялардың, мәдениет пен цифрлық технологиялардың тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі рөліне ерекше назар аударылды.
Баяндама барысында әлемнің әртүрлі елдеріндегі креативті экономиканы дамыту тәжірибелері қарастырылып, оларды Орталық Азия елдерінде қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Спикердің пікірінше, қазіргі кезеңде елдердің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстар көлемімен ғана емес, сонымен қатар қоғамның жаңа идеялар қалыптастыру, инновациялық өнімдер жасау және зияткерлік әлеуетті тиімді пайдалану қабілетімен анықталады.
Халықаралық конференция Өзбекстан, Қазақстан және басқа да мемлекеттердің ғалымдары мен сарапшыларын біріктіріп, жасыл трансформация, тұрақты даму, цифрлық экономика және инновациялық өсім мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. ҚазҰУ өкілдерінің мұндай халықаралық ғылыми іс-шараларға қатысуы университеттің халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және өңірлік академиялық байланыстарды дамытуға ықпал етеді.