ЖИ дәуіріндегі адам: пікірлер тоғысқан алаң
30 наурыз 2026
27 наурыз күні Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде өткен дөңгелек үстел формалды баяндама шеңберінен шығып, нағыз интеллектуалдық пікір алаңына айналды. Іс-шараға философия ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Хафизұлы Ғабитовпен қатар, отандық жетекші ғалымдар, PhD докторлар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Бұл жай ғана дәріс емес, көпқабатты ғылыми диалог болды. Қатысушылар фокус-топ форматында жұмыс істеп, алдын ала дайындалған позициялардан гөрі, нақты сұрақтар мен қазіргі шынайылыққа сүйене отырып пікір алмасты.
Профессор Ғабитов өз баяндамасында ЖИ дәуірінде антропоцентризмнің трансформациясын көтеріп, адам мен технология арасындағы шекараның бұлыңғырланып бара жатқанын атап өтті. Алайда негізгі талқылау дәл осы тұстан басталды.
Пікірталаста әртүрлі көзқарастар ұсынылды:
— бір топ зерттеушілер ЖИ адамды орталықтан ығыстырып, жаңа «техноцентризмге» алып келеді десе,
— басқалары керісінше, технология тек адамның мүмкіндіктерін кеңейтетін құрал екенін алға тартты.
Цифрлық мәдениет тақырыбы да қызу талқыға түсті. Ғалымдар ұлттық бірегейлік цифрлану жағдайында әлсірей ме, әлде жаңа формада қайта құрыла ма деген сұраққа әртүрлі жауап берді.
Team-building poster форматында ұсынылған жұмыстар жай ғана презентация емес, зерттеу нәтижелеріне негізделген шағын ғылыми пікірлерге айналды. Олар талқылауға тең дәрежеде қатысып, кей сәттерде дискурстың бағытын да өзгерте алды.
Профессорлар, жас ғалымдар және студенттер бір деңгейде пікір алмасты. Нәтижесінде, іс-шара классикалық академиялық форматтан гөрі, тірі ғылыми ойлаудың көрінісіне айналды.
Осындай кездесулер қазіргі философиялық ойдың тек теорияда емес, қоғаммен бірге дамып жатқанын көрсетеді.