РФ ресми делегациясы ҚазҰУ филиалына барды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалына Ресей Федерациясы ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский, Мемлекеттік Дума депутаты Олег Смолин және Омбы облысының ғылым, жоғары білім және ғылыми-технологиялық даму министрі Александр Кольцов арнайы барды. Бұған дейін филиалдың жұмысымен РФ ағарту министрі Сергей Кравцов пен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко танысқан болатын.

Құрметті қонақтарды филиал директоры Мұрат Жанғазиев қарсы алды. Филиал директоры оқу ғимараты бойынша жан-жақты экскурсия өткізіп, алғашқы жұмыс жылының нәтижелерімен таныстырды. Делегацияға заманауи аудиториялар, компьютерлік сыныптар, Алматыдағы бас университеттің электрондық жүйелеріне қолжетімді кітапхана қоры, сондай-ақ студенттердің жобалық жұмыстарына арналған жайлы коворкинг аймақтар көрсетілді.

Таныстыру барысында Мұрат Жанғазиев білім беру үдерісінің ерекшеліктеріне тоқталды. «ҚазҰУ филиалы – Қазақстан мен Ресей президенттерінің бастамасымен Ресей аумағында ашылған алғашқы шетелдік жоғары оқу орны. Қазіргі таңда мұнда «Халықаралық құқық», «Кеден ісі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» бағыты бойынша 54 студент білім алуда. Біз тек білім беріп қана қоймай, мемлекеттер арасындағы кадрлық байланысты қалыптастырып жатырмыз», – деді филиал директоры.

Кездесу барысында түлектерді жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Константин Могилевский ҚазҰУ бағдарламаларының бірегейлігін атап өтіп, бұл жобалар түлектердің қос мемлекет игілігі үшін тиімді еңбек етуіне жол ашатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар РФ ағарту министрі Сергей Кравцовтың сапары аясында Омбыда 500 орындық жаңа орыс-қазақ мектебін салу жоспары талқыланды. Мұрат Жанғазиев «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында білім алып жатқан филология факультетінің студенттері бұл жоба үшін маңызды кадрлық ресурс болатынын жеткізді.
Еске салсақ, ҚазҰУ-дың Ресейдегі филиалы Омбы мемлекеттік университетінің ғимаратында орналасқан.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі