Еуразиялық цифрлық медицина форумы өтті — ҚазҰУ

91ý

Еуразиялық цифрлық медицина форумы өтті

28 мамыр 2026
Еуразиялық цифрлық медицина форумы өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒЗИ) базасында «Медицина және онкология саласындағы интеллектуалды шешімдердің Еуразиялық цифрлық форумы» өтті. Ауқымды шара Қазақстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур және басқа да елдердің жетекші ғалымдарын, дәрігерлерін, IT-мамандары және сарапшыларын біріктірді.

Университет басшылығының атынан форум қатысушыларын ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов құттықтап, білім ордасының цифрлық трансформациядағы рөлін атап өтті. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым мен білім беруді цифрлық трансформациялау, биомедициналық зерттеулерге жасанды интеллектіні енгізу, сондай-ақ медицина, биология, деректер және инженерия тоғысындағы салаларда жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлау бағыттарын жүйелі түрде дамытып келеді», – деді проректор. 

Сондай-ақ форумның ашылуында «ҚазОРҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы, профессор Ербол Бекмұхамбетов таңдалған бағыттың стратегиялық маңызына тоқталды. «Бүгінде медицина терең трансформация кезеңін бастан өткеруде. Жасанды интеллект, цифрлық шешімдер және пәнаралық зерттеулер диагностика, емдеу және пациенттерді сүйемелдеудің жаңа моделін қалыптастыруда. Онкология саласында бұл ерекше маңызға ие.  Алгоритмдердің дәлдігі, деректерді өңдеу жылдамдығы және дербестендірілген тәсіл адамның өмірін сақтауға әрі оның сапасын арттыруға тікелей әсер етеді», – деді профессор Ербол Бекмұхамбетов.

Форум бағдарламасына денсаулық сақтау саласын цифрландырудың мемлекеттік бағдарламаларына, онкология мен диагностикадағы жасанды интеллектіге, цифрлық патология мен морфологиялық зерттеулерге, медициналық білім беруді цифрлық трансформациялауға, сондай-ақ MedTech және AI-стартаптарды дамытуға арналған секциялар кірді. Жасанды интеллектіні медициналық диагностикада тәжірибелік қолдануға, компьютерлік томография (КТ) суреттерін машиналық оқыту арқылы талдауға, маммографияда ЖИ қолдануға ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында «Идеядан – медициналық инновацияға дейін» атты стартаптар байқауы өтіп, онда жас ғалымдар қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған платформалар мен клиникалық шешімдерді интеллектуалды қолдау жүйелерін таныстырды. Сондай-ақ ҚазОРҒЗИ базасында цифрлық цитогенетика бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қатысушылар автоматтандырылған FISH-талдау жүйелерімен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі