- Басты бет
- Жаңалықтар
- Халықаралық конференция аясында геожүйелерді тұрақты дамыту және құқықтық реттеу мәселелері талқыланды
Халықаралық конференция аясында геожүйелерді тұрақты дамыту және құқықтық реттеу мәселелері талқыланды
География және табиғатты пайдалану факультетінде профессор С.У. Нұрғисаевтың 70 жылдығына арналған «Экономикалық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету және заманауи өнеркәсіптік саясат» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында «Геожүйелердің тұрақты дамуы және оларды құқықтық реттеу» секциясының жұмысы өтті.
Іс-шара геожүйелердің тұрақты дамуы, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық қауіпсіздік, цифрлық технологиялар мен құқықтық реттеу мәселелерін талқылауға арналған маңызды ғылыми алаңға айналды. Конференция жұмысына ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, жас зерттеушілер мен докторанттар қатысты.
Секция барысында тұрақты даму, табиғатты ұтымды пайдалану, өнеркәсіптік аймақтардың экологиялық жағдайы, жаңартылатын энергия көздері, геоақпараттық жүйелер, қашықтықтан зондтау технологиялары және экологиялық саясаттың құқықтық аспектілеріне қатысты өзекті баяндамалар ұсынылды. Секция жұмысы кіріспе сөзбен ашылып, қатысушыларға халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңыздылығы, тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ғылыми зерттеулердің рөлі атап өтілді.
Конференция барысында факультет ғалымдары мен зерттеушілері әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша баяндама жасады. Конференция аясындағы ғылыми пікірталастар тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды басқарудың заманауи тәсілдерін жетілдіру бағытында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Қатысушылар ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және экологиялық мәселелерді құқықтық тұрғыдан реттеудің тиімді механизмдерін дамыту қажеттігін атап өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша ұсынылған ғылыми баяндамалардың нәтижелері география, экология, табиғатты пайдалану және құқықтық реттеу салаларындағы пәнаралық зерттеулерді дамытуға маңызды үлес қосатыны айтылды.