Тарихшы-ғалым мұрасы зерделендіFarabi University

91ý

Тарихшы-ғалым мұрасы зерделенді

29 мамыр 2026
Тарихшы-ғалым мұрасы зерделенді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті тарихшы-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың ғылыми мұрасына арналған «Бекмаханов оқулары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. 

Негізгі  мақсаты – отандық тарихтың өзекті мәселелерін кең ауқымда талқылау және тарих ғылымының жаңа бағыттарын айқындау.

Ауқымды шараға көрнекті ғалымдар, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері, оқу ордасының оқытушы-профессорлық құрамы мен жас зерттеушілер қатысты. 

Жиынның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хаты оқылды. Онда: «Ермұхан Бекмаханов – қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы, профессор. Ол қылышынан қан тамған кеңестік билік кезінде халқымыздың ұлт-азаттық жолындағы күрестерінің тарихын ғылыми тұрғыда зерттеп-дәлелдеп, қуғын-сүргінге де ұшыраған дара ғалым. Тарихшының ғылыми ізденістері мен батыл пікірлері ұлтымыздың тарихын жаңаша танып-білуге бағдар беріп қана қоймай, жаңа буын тарихшыларының қалыптасуына даңғыл жол ашты», – делінген. 

ылыми конференция барысында тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов 1991 жылы оқу ордасында ашылған Бекмаханов атындағы аудитория қайта жаңғыртылғанын атап өтті. Сонымен қатар шара аясында тарихшы ғалым Берік Әбдіғалиұлы бастаған топтың «Народные восстания в Казахстане в 1920-1930-е годы» кітабының тұсаукесері өтті. 

Пленарлық мәжілісте ҚР ҰҒА академиктері көшпелілер өркениетінің құндылықтары жөнінде, бекмахановтанудағы айтулы дереккөздер жайында баяндама жасап, күрескер ғалымның өмірі мен тарихи ізденістерін қамтитын естеліктер айтты. Сондай-ақ басқосуда ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы мен Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі