ылым академиясы ҚазҰУ Суперкомпьютер орталығымен бірлескен жұмыс жүргізеді
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевқа Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Суперкомпьютер орталығының қызметі мен мүмкіндігі таныстырылды.
Оқу ордасының Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жоғары технологиялық құрылғы қазіргі уақытта ауа райын дәл болжау және жер сілкіністерін талдау жұмыстарына қолданылып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, суперкомпьютердің көмегімен қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болып отыр. Атап айтқанда қылмыс деңгейін азайтуға, жол-көлік оқиғаларын талдап, олардың алдын алу шараларын әзірлеуге арналған деректерді өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

Өз сөзінде ректор бұл суперкомпьютер университет ғылымы үшін ғана емес, жалпы елдің инновациялық дамуы үшін де маңызды екенін жеткізді.

Суперкомпьютер бүгінгі таңда күрделі есептеулерді жоғары жылдамдықпен орындауға мүмкіндік беріп, көптеген ғылыми және қолданбалы зерттеулердің сапасын арттыруға ықпал етуде.

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ базасындағы суперкомпьютердің мүмкіндігін ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері де пайдалана алатынын айтты. ҚазҰУ мен академия арасындағы әріптестік байланыс аясында күрделі жұмыстарды бірлесіп атқаруға мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Академия президенті Ақылбек Күрішбаев қазіргі ғылым мен технологияның дамуы есептеу қуаты жоғары жүйелерсіз мүмкін еместігін айтып, суперкомпьютерлердің рөлі күн өткен сайын артып келе жатқанына тоқталды.
Айта кетейік, суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер саналады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар