Қашықтықтан бақылау нәтижелері таныстырылды — ҚазҰУ

91ý

Қашықтықтан бақылау нәтижелері таныстырылды

3 маусым 2026
Қашықтықтан бақылау нәтижелері таныстырылды

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай зертханасының қызметімен танысты. 

Академия басшысына зертхананың ғылыми-зерттеу бағыттары, техникалық мүмкіндіктері мен атқарылып жатқан жобалары туралы ақпарат берілді. 

Зертхана заманауи спутниктік деректер мен қашықтан зондтау технологияларын пайдалана отырып, қоршаған орта жағдайын мониторингтеуге, табиғи ресурстарды тиімді басқаруға және экологиялық қауіптерді алдын ала болжауға бағытталған маңызды жұмыстар жүргізеді.

Мұнда университет ғалымдары су тапшылығы мәселесін, құрғақшылықтың ауыл шаруашылығына әсерін, сондай-ақ жердің құнарсыздануы мен тозу үдерістерін кешенді түрде зерттеп, ғылыми негізделген талдау жасайды. Сонымен қатар алынған деректер негізінде аймақтардың экологиялық жағдайын жақсартуға арналған ұсыныс әзірлеп, тиісті салаларға практикалық шешімдер ұсынады.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев университеттің ғылыми әлеуетіне тоқталып, Ұлттық ғылым академиясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

«Зертхана Орталық Азия бойынша жұмыс істейтін, табиғат ресурстарына мониторинг жүргізетін жалғыз  орталық. Сондықтан бұл зертхана ғылыми зерттеулердің орны ғана емес, Орталық Азиядағы қоршаған ортаны тұрақты дамытудың басты хабы.  Университет ғалымдарының әлеуеті мен академияның ғылыми мүмкіндіктерін біріктіру арқылы көптеген өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ортақ зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыруға болады», – деді ректор. 

ылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы оқу ордасының ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, отандық ғылымды дамытудағы университеттің рөліне ерекше тоқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі