Топырақтануға арналған аудитория ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, биология ғылымының докторы, профессор Жекен Үмбетқұлұлы Мамытовтың атындағы мамандандырылған жаңа аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аудиторияны география және табиғатты пайдалану факультетінің 2006 жылғы түлектері мен профессордың шәкірттері университетке тарту етті.
Жекен Үмбетқұлұлы – Қазақстанда топырақтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан ғалымдардың бірі. Ол ұзақ жылдар бойы топырақ ресурстарының жай-күйін зерттеумен айналысты. Ғалым топырақ құнарлылығының өзгеруі, жердің тұздану үдерістері және қоршаған ортаны сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Оның ғылыми зерттеулерінің нәтижелері ауыл шаруашылығы мен экологиялық қауіпсіздік салаларындағы маңызды шешімдерді қабылдауға негіз болды.
Профессор Мамытов көптеген білікті шәкірттер тәрбиеледі. Бүгінде Жекен Үмбетқұлұлының тәлімін алған мамандар еліміздің түрлі өңірлерінде және халықаралық ғылыми орталықтарда табысты еңбек етуде. Олар жер ресурстарын қорғауға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және аграрлық ғылымды дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Бұл – ғалым әрі ұстаздың көпжылдық еңбегінің нақты жемісі.
Жаңа аудитория топырақтану саласындағы пәндерді тереңдетіп оқытуға арналған заманауи білім беру кеңістігі болып саналады. Мұнда студенттер заманауи білім алып қана қоймай, отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымның өмір жолы және ғылыми мұрасымен де таныса алады. Мұндай білім беру алаңдары жастардың зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі