Жасанды интеллект және цифрлық шешімдер: ҚазҰУ ректоры форумда баяндама жасады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы аясында өткен «Жасанды интеллект дәуірі» атты ІІ жас зерттеушілер форумына қатысты.
Шараның мақсаты – оқушылар арасында ғылыми ойлауды дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және ғылыми білімді кеңінен насихаттау. Форум барысында қатысушылар жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және заманауи ғылымның даму бағыттары бойынша өз ойларын ортаға салып, түрлі ғылыми жобаларын таныстырды.
Іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚР оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец, академияның экс-президенттері, академиктер, белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері жиналды.
Жиынның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев құттықтау сөз сөйледі. Академия президенті өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Жасанды интеллект пен цифрландыру жылы деп жариялауы ғылым саласына жаңа міндеттер жүктейтінін атап өтті. Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, қазіргі таңда академия отандық ғылым саласын реформалау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстың негізгі басымдықтарының бірі – жастарды ғылымға тарту, ғылыми кадрларды даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру. Академия жанынан Жас ғалымдар кеңесі мен Жас зерттеушілер академиясының құрылуы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде атап өтілді. Сонымен қатар ҚР ҰҒА президенті жас ғалымдар мен жас зерттеушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ шарада ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың құттықтау хаттары оқылды.
«Академия отандық ғылымның қара шаңырағы ретінде іргелі және қолданбалы зерттеулердің дамуына, ғылыми мектептердің қалыптасуына, кадрлардың дайындалуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Бүгінгі академия тарапынан ұйымдастырылып отырған форум жас зерттеушілерге бір-бірімен тәжірибе алмасуға және ғылымдағы алғашқы қадамдарын нығайтуға мүмкіндік береді», – делінген Саясат Нұрбектің құттықтауында.
Форум барысында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев «ылым мен технологияның заманауи бағыттары: жасанды интеллект және цифрлық шешімдер» тақырыбында баяндама жасады. Оқу ордасының басшысы ҚазҰУ-да жасанды интеллект пен робототехника бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, нәтижелері туралы баяндады.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – жас ұрпаққа болашақтың білімін, ғылымын, технологиясын ұсынатын жетекші оқу орны. Университетте жасанды интеллект, суперкомпьютерлік есептеулер, робототехника, дрон технологиясы, нейроғылым, энергетика және цифрлық шешімдер бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар жай ғана ғылыми жетістік емес, ертеңгі ұрпаққа берілетін үлкен мүмкіндік», – деді ректор.
Форум аясында қатысушылар оқытушылар мен жас зерттеушілердің ғылыми әзірлемелері қойылған көрмені тамашалады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар