ҚазҰУ-да тұрақты дамудың жаһандық стратегиялары талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде VII халықаралық Global Perspectives on Natural Resource Management and Sustainability ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Қазақстан, Үндістан, Малайзия және Германия елдерінің ғалымдарын тоғыстырған ауқымды іс-шара Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Конференцияны ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультеті Үндістанның Gochar Educational and Welfare Society (GEWS) ұйымымен бірлесіп өткізді.

Пленарлық отырысты ашқан ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов университет басшылығының атынан қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында мұндай халықаралық алаңдардың маңызы ерекше екенін атап өтті.

Проректордың айтуынша, ҚазҰУ табиғатты ұтымды пайдалану саласына инновациялық технологияларды енгізуді басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Халықаралық ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру және озық тәжірибе алмасу Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған ғылыми негізделген шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол «Таза Қазақстан» акциясының міндеттерін жүзеге асыруда жастар мен академиялық қауымдастықтың рөлі зор екенін айтты.

Конференцияның ашылу салтанатында Марғұлан Ибраимов экология саласындағы ғылыми жетістіктері үшін бірқатар зерттеушілерге «Жыл ғалымы» құрметті марапатын табыстады.
Өз кезегінде GEWS ұйымының президенті, профессор Джай Пракаш Сингх арнайы шақырылған спикерлерге конференцияның ресми тезистер жинағын сыйға тартты.

Іс-шараның модераторы талқылау барысында GEWS ұйымының ұйымдастыру хатшысы, профессор Раджбир Сингх конференцияның негізгі мақсаттарына тоқталып, табиғи ресурстарды басқару мәселелерін шешуде пәнаралық тәсілдің маңыздылығын алға тартты. Форум жұмысы секциялық отырыстарда жалғасын тапты. Қатысушылар биологиялық жүйелердің генетикалық мониторингі, климаттық өзгерістерге бейімделу, экология саласындағы цифрлық инновациялар секілді өзекті бағыттарды кеңінен талқылады. Онлайн форматта өткен екінші секцияда шетелдік ғалымдар тұрақты ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді басқару жөніндегі зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Форум соңында қонақтарға университет кампусы бойынша экскурсия ұйымдастырылып, олар ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы және заманауи зертханаларымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар