«Ұлттық рәміздер – ел тәуелсіздігінің айнасы» атты танымдық-тәрбиелік шара өтті — ҚазҰУ

91ý

«Ұлттық рәміздер – ел тәуелсіздігінің айнасы» атты танымдық-тәрбиелік шара өтті

4 маусым 2026
«Ұлттық рәміздер – ел тәуелсіздігінің айнасы» атты танымдық-тәрбиелік шара өтті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінде «Ұлттық рәміздер – ел тәуелсіздігінің айнасы» атты танымдық-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – студент жастар арасында мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын насихаттау, олардың тарихи қалыптасуы туралы білімдерін тереңдету, ұлттық құндылықтарға құрмет сезімін арттыру және отансүйгіштік рухты қалыптастыру.

Шараға факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттері қатысты. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы және Мемлекеттік Әнұранының тәуелсіз Қазақстанның басты нышандары екендігі, олардың ел тарихы мен ұлттық болмысын айшықтайтын ерекше құндылықтар екендігі кеңінен айтылды.

Іс-шараның ашылуында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындап, ел рәміздеріне деген құрметтерін білдірді. Одан кейін мемлекеттік рәміздердің қалыптасу тарихына арналған мазмұнды баяндама жасалып, олардың авторлары мен қабылдану кезеңдері туралы деректер ұсынылды. Қатысушылар рәміздердің әрбір элементінің терең мағыналық мазмұнына тоқталып, олардың тәуелсіздік идеясы мен ұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі жөнінде пікір алмасты.

Студенттер мемлекеттік рәміздерге арналған өлеңдер оқып, патриоттық әндер орындады. Сонымен қатар, жастардың тарихи танымын кеңейту мақсатында зияткерлік сұрақтар мен викториналар ұйымдастырылып, белсенділік танытқан студенттерге алғыс білдірілді.

Шара барысында сөз сөйлеген оқытушылар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әрбір азаматтың конституциялық міндеті әрі ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, жастарды ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ел тарихын құрметтеуге және Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.

«Ұлттық рәміздер – ел тәуелсіздігінің айнасы» атты іс-шара студенттердің азаматтық ұстанымын нығайтып, олардың бойында патриоттық сана мен ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды тәрбиелік алаңға айналды.

Биология және биотехнология факультетінде өткізілген мұндай тағылымды шаралар білім алушылардың рухани-адамгершілік тәрбиесін жетілдіруге, ұлттық бірегейлікті сақтауға және тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарын құрметтеуге ықпал етеді.