Имантау-Шалқар курорттық аймағын цифрландыру жобасы бойынша жұмыс кездесуі өтті — ҚазҰУ

91ý

Имантау-Шалқар курорттық аймағын цифрландыру жобасы бойынша жұмыс кездесуі өтті

5 маусым 2026
Имантау-Шалқар курорттық аймағын цифрландыру жобасы бойынша жұмыс кездесуі өтті

Қазақстан Республикасы ылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын AP23490620 «Smart-технологияларды қолдануға негізделген Имантау-Шалқар курорттық аймағында туризмнің тұрақты дамуын басқаруды іске асыру» ғылыми жобасын іске асыру аясында онлайн жұмыс кездесуі өтті.

Кездесуге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің өкілдері, жоба бойынша консорциум серіктесі «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілдері және цифрлық өнімдерді техникалық тұрғыдан іске асыруға жауапты тартылған IT-компания қатысты.

Кездесу барысында тараптар жобаның ағымдағы кезеңіндегі негізгі міндеттерді талқылады: әзірленген 3D туристік бағыттар бойынша деректер базасын құру, курорттық аймақтың туристік нысандары үшін QR-кодтары бар цифрлық белгілер жүйесін әзірлеу, сондай-ақ туристерге арналған аудиогид дайындау. Болашақ цифрлық платформаның құрылымы, геокеңістіктік деректерді сақтау форматы, бұрын жасалған 3D-бағыттарды интеграциялау және жоба қатысушылары арасында жауапкершілік аймақтарын бөлу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар одан әрі бірлескен жұмыс тәсілдерін келісіп, Имантау-Шалқар курорттық аймағының туристік тартымдылығын арттыруға және заманауи Smart-технологиялар негізінде аумақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді практикалық іске асыру жоспарын белгіледі.

Жоба БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ), атап айтқанда ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен елді мекендер», ТДМ 12 «Жауапты тұтыну мен өндіру» және ТДМ 15 «Құрлық экожүйелерін сақтау» мақсаттарына қол жеткізуге тікелей ықпал етіп, туризмнің дамуы мен аумақтың табиғи мұрасын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.