КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢДАР МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРЕДІ
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы – Ректор, академик
Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында қабылданған Конституцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында конституциялық заңдарға қол қойып, ресми бекітті. Аталған заңдар мемлекеттік билік институттарының құқықтық негіздерін жетілдіруге, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және қоғамдық-саяси дамудың жаңа конституциялық моделін қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ Президент институтының қызметін жаңғыртуды, заң шығарушы биліктің мәртебесі мен өкілеттіктерін нақтылауды, азаматтық қоғамның мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу тетіктерін кеңейтуді көздейді. Астананың құқықтық мәртебесін айқындап, елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіреді.
Конституциялық заңдардың қабылдануы мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге мұрындық болады.
Сонымен қатар бұл бастамалар заманауи сын-қатерлерге жауап беретін, азаматтардың мүдделеріне бағдарланған және басқарудың озық қағидаттарына негізделген мемлекеттік жүйені қалыптастыруға жол ашады.
Біріншіден, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңы Мемлекет басшысының конституциялық-құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін реттейді. Заңның маңызды ерекшелігі – вице-президент институтын енгізу екені бұған дейін жан-жақты талқыланды. Ендігі жерде вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша оның мүдделерін мемлекеттік органдар алдында білдіреді, жекелеген міндеттер мен функцияларды орындайды. Мұндай институт көптеген мемлекеттердің тәжірибесінде кездеседі және жоғары мемлекеттік билік қызметінің тиімділігін күшейту құралы ретінде қолданылады. Бұл өз кезегінде Президенттің стратегиялық міндеттерге көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды, ал вице-президент ағымдағы тапсырмалардың орындалуын үйлестіруге қатыса алады.
Екіншіден, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңы еліміздің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етеді. Заңда Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі маңызды орны бекітілген. Атап айтқанда вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру, Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлау және қызметтен босату Құрылтайдың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейтеді.
Сондай-ақ президент сайлауын тағайындау, республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерді бекіту сияқты өкілеттіктер де Құрылтай құзырында. Төрағаның мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайлануы демократиялық қағидаттарды сақтап, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайта түседі.
Үшіншіден, «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңы Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, құрылу тәртібін, құрамын қалыптастыру ерекшеліктерін және қызметін ұйымдастырудың негізгі қағидаттарын белгілеп беріп отыр. Халық Кеңесі жалпыхалықтық диалогты дамыту, қоғамның әртүрлі топтарының мүдделерін ескеруге және азаматтардың елдің ішкі саясатын қалыптастыруға жағдай жасайды. Кеңестің заңнамалық бастама көтеру және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсыну құқығына ие болуы оның қоғамдық пікірді мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне енгізудегі маңыздылығын көрсетеді.
Халық Кеңесі құрамының этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер өкілдерінен тепе-теңдік қағидаты негізінде қалыптастырылуы қоғамның әртүрлі әлеуметтік және өңірлік топтарының мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді. Кеңес мүшелерінің төрт жылдық өкілеттік мерзімі оның қызметінің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы тиімді диалогты дамытып, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті күшейтеді.
Төртіншіден, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңы Қазақстан Республикасы астанасының құқықтық мәртебесін айқындап, оның жұмыс істеуінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айшықтайды. Елорданы басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырып, қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді және инфрақұрылымдық әлеуетін арттырады. Мәслихаттың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және қала әкімдігі басқаратын жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері нақты белгіленген.
Сонымен қатар астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға және дизайн кодын сақтауға қойылатын талаптар көзделген. Мұндай нормалар қаланың заманауи, үйлесімді және тартымды келбетін дамытып, жауапты ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілеттіктерін нақтылайды.
Бесіншіден, «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заңы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын қалыптастыру мен дамытудың құқықтық негіздерін айқындайды. Әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу мен өзгерту, есепке алу және тіркеу, сондай-ақ атаулар беру және оларды өзгерту тәртібін реттейді. Сонымен қатар заң аумақтық бірліктердің мәртебесін, шекараларын және атауларын өзгерту кезінде бірыңғай құқықтық тәсілдерді қалыптастырады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, аумақтық даму мәселелерін шешудің ашық әрі түсінікті тетіктерін белгілейді.
Қорыта айтқанда, қол қойылып отырған конституциялық заңдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік және қоғамдық-саяси жүйесін кешенді түрде жетілдіреді. Сондықтан аталған заңдарды тек қолдап қана қоймай, толыққанды қолданысқа енгізу мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырады. Құқықтық тәртіпті нығайтуға және Конституцияда белгіленген реформалардың іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Басқа жаңалықтар