Тарих факультетінің түлектеріне диплом табысталды — ҚазҰУ

91ý

Тарих факультетінің түлектеріне диплом табысталды

2 шілде 2026
Тарих факультетінің түлектеріне диплом табысталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарих факультетінің түлектеріне диплом табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Айтулы шараға университет басшылығы, белгілі ғалымдар, оқытушы-профессорлар құрамы мен ата-аналар қатысып, жас мамандардың қадамдарына сәт сапар тіледі.

Биыл факультетті 146 жас маман тамамдады. Оның ішінде 114 түлек бакалавриат, 32-сі магистратура бағдарламасы бойынша білім ордасының алтын ұясынан ұшты. 

Мерекелік жиында Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы бейнеқұттықтау жолдады. Ведомство басшысы жас мамандарды заманауи технологияларды дамытуға үлес қосуға шақырып, бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық трансформация жаһандық дамудың басты қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзін Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Самғат Ермекбаев оқып берді. Ректор лебізінде тарих факультетінің түлектері университеттің тағылымды дәстүрін лайықты жалғастырып, елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынына сенім білдірді.

«Сіздердің терең білімдеріңіз бен жоғары жауапкершіліктеріңіз еліміздің жаңа құқықтық бағытын берік ұстанып, Отанымызды одан әрі дамытуға негіз болады. Өздеріңіз білім алған ҚазҰУ – тек Қазақстанда ғана емес, жаһандық білім кеңістігінде де беделі жоғары, әлем мойындаған жетекші университет», – делінген құттықтауда.

Өз кезегінде түлектер мен ата-аналар қауымы университет ұжымына сапалы білім мен тәлімді тәрбие беріп, кәсіби тұлға ретінде қалыптасуына берік негіз қалағаны үшін шексіз алғыстарын жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰҰ Баспасөз қызметі