ҚазҰУ-да жаңа конституциялық құндылықтар сараланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: жаңа құндылықтар, жаңа сын-қатерлер және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Алқалы жиынға мемлекеттік органдардың, сот және құқық қорғау жүйесінің өкілдері, отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, құқық саласының сарапшылары, жоғары оқу орындарының басшылары, жас зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысты. Басқосуда конституциялық құрылысты жетілдіру, заң үстемдігін нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқаруды жаңғырту және мемлекет пен қоғамның келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігі кеңінен сөз болды.

Қатысушыларды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан университет басшысының кеңесшісі Еркін Дүйсенов құттықтады. Ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция елдің конституциялық дамуында жаңа кезеңге жол ашып, тарихи әрі саяси-құқықтық тұрғыдан айрықша мәнге ие болғанын айтты. Оның сөзінше, Ата заң халық билігі, заң үстемдігі және мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігі қағидаттарына негізделген жария биліктің жаңартылған моделін орнықтырды.

«Жаңа Конституция – құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, әділетті әрі демократиялық қоғам құрудың берік құқықтық негізі», – деді Еркін Дүйсенов.

Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов конституциялық реформалардың құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтырудағы маңызына жан-жақты тоқталды. Ол Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік билік тармақтарының тиімді өзара іс-қимылын дамыту және конституциялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талдады.

Алматы қаласы прокурорының орынбасары Дамир Катаев құқық қорғау органдары қызметіндегі Конституцияның рөліне назар аударып, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыру және конституциялық нормаларды құқық қолдану тәжірибесінде жүйелі жүзеге асырудың маңызын сөз етті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының бастығы Ахат Мұқашев, Д.А.Қонаев атындағы университеттің профессоры, заң ғылымының докторы Қабдулсамих Айтхожин және басқа да сарапшылар баяндама жасады.

Жиын барысында ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқарудың жаңа қағидаттары, адами капиталды дамыту, экологиялық қауіпсіздік, цифрландыру және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі