ҚазҰУ делегациясы Индонезиядағы COMSATS Үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты
Индонезия Республикасының Сурабая қаласындағы Institut Teknologi Sepuluh Nopember (ITS) базасында COMSATS Үйлестіру кеңесінің 26-шы отырысы өтті. Жиынға COMSATS-тың Үздік орталықтар желісінде Қазақстан атынан өкілдік ететін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы арнайы қатысты.
COMSATS (Commission on Science and Technology for Sustainable Development in the South) Үйлестіру кеңесі – ғылымды, технологияларды және инновацияларды тұрақты даму мақсатында дамыту үшін Жаһандық Оңтүстік елдерінің мемлекеттері мен жетекші ғылыми-білім беру орталықтарын біріктіретін ең ірі халықаралық үкіметаралық ұйымдардың бірі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясының құрамына университеттің ылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек және Ислам ғылымы мен инновациялар орталығының директоры Нұралы Әкімбеков кірді.

Іс-шараның негізгі мақсаты халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық бағыттарын, бірлескен зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелерін және ғылым, технологиялар мен инновациялар арқылы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолдарын талқылау болды.
Отырыс барысында қатысушылар COMSATS ұйымының 2024 жылғы қазаннан 2026 жылғы мамырға дейінгі кезеңдегі қызметінің нәтижелерін қарастырып, Үздік орталықтар желісін дамыту, халықаралық зерттеу консорциумдарын кеңейту және бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Индустриялық биотехнологияны дамытуға, климаттық зерттеулерге, цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге, киберқауіпсіздікке, жаңартылатын энергетикаға, су қауіпсіздігіне, азық-түлік жүйелеріне ерекше назар аударылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері оқу ордасының ғылыми зерттеулер, инновациялық қызмет, ғылыми кадрлар даярлау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және өзекті әлеуметтік-экономикалық әрі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру салаларындағы жетістіктерін таныстырды. Қатысушылар университеттің ғылымды цифрландыру, ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану, суперкомпьютерлік технологияларды, биотехнологияларды дамыту, экологиялық мониторинг жүргізу және жаңа буынның жоғары білікті мамандарын даярлау бағытындағы бастамаларына ерекше қызығушылық танытты.
Іс-шара аясында ҚазҰУ өкілдері жаңа халықаралық зерттеу платформалары мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын құру перспективаларын талқылауға қатысып, университеттің COMSATS халықаралық гранттық бастамаларына қатысуын кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар COMSATS-қа мүше елдердің ғылыми ұйымдары мен университеттері басшыларымен бірқатар жұмыс кездесулері мен консультациялар өткізіп, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық конференциялар ұйымдастыру, зерттеушілер алмасу бағдарламаларын дамыту және ғылыми кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар