УРДУ ТІЛІ БӨЛІМІНІҢ СТУДЕНТІ ПӘКІСТАН ЕЛШІЛІГІНДЕ ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУДЕ — ҚазҰУ

91ý

УРДУ ТІЛІ БӨЛІМІНІҢ СТУДЕНТІ ПӘКІСТАН ЕЛШІЛІГІНДЕ ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУДЕ

8 маусым 2026
УРДУ ТІЛІ БӨЛІМІНІҢ СТУДЕНТІ ПӘКІСТАН ЕЛШІЛІГІНДЕ ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУДЕ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті урду тілі бөлімінің 2 курс студенті Маканов Алихан қазіргі уақытта Астана қаласындағы Пәкістан Ислам Республикасының елшілігінде өндірістік тәжірибеден өтуде.

Өндірістік тәжірибенің басты мақсаты – білім алушының кәсіби құзыреттілігін арттыру, алған білімдерін нақты жұмыс жағдайында қолдануға мүмкіндік беру және болашақ маман ретінде қалыптасуына жағдай жасау.

Тәжірибе барысында студент елшіліктің талдау және жобалау қызметіне қатысып, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы екіжақты қатынастарға қатысты зерттеу жобаларын таныстыруда. Сонымен қатар ресми құжаттар мен талдамалық материалдарды урду және ағылшын тілдерінен қазақ және орыс тілдеріне аудару жұмыстарын жүргізуде. Болашақ маман консулдық және әкімшілік қызметтерге де белсенді араласып, Пәкістан азаматтарымен урду тілінде байланыс орнату, виза рәсімдеу мәселелері бойынша кеңес беру және ұйымдастырушылық жұмыстарға қолдау көрсету міндеттерін де қоса атқаруда. Бұл тәжірибе студенттің дипломатиялық қызметтің ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік беруде.

Өз әсерімен бөліскен тағылымгер: «Елшіліктегі тәжірибе менің дипломатиялық қызмет туралы түсінігімді кеңейтті. Бұл тек құжаттармен жұмыс істеу ғана емес, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға және адамдарға нақты көмек көрсетуге бағытталған жауапты қызмет екенін түсіндім. Жоғары талаптарға сай болу үшін мен күн сайын урду, парсы және ағылшын тілдерін белсенді әрі қарқынды үйренуді жалғастырудамын. Университетте алған білімімнің тәжірибеде үлкен пайдасын көріп жатырмын», – деп атап өтті. 

Шығыстану факультеті студенттерінің шетелдік дипломатиялық өкілдіктерде өндірістік тәжірибеден өтуі олардың кәсіби және тұлғалық дамуына зор мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе білім алушылардың тілдік даярлығын, аналитикалық қабілеттерін және халықаралық ортада жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді. Болашақта бұл тәжірибе олардың кәсіби қызметінде маңызды рөл атқарып, білікті маман ретінде қалыптасуына негіз болады.