ҚазҰУ-да Қазақстан мен Үндістан серіктестігінің академиялық қырлары талқыланды
Алматы, 2026 жылғы 11 маусым – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өзгермелі геосаяси ахуал жағдайындағы Үндістан мен Қазақстан серіктестігіне арналған дөңгелек үстел өтті. Халықаралық қатынастар факультетінде өткен жиында екі елдің дипломаттары, ғалымдары мен сарапшылары бас қосып, халықаралық ортадағы өзгерістердің қазақстандық-үндістандық ынтымақтастыққа ықпалын және алдағы кезеңдегі басым бағыттарды талқылады.
Іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультеті мен Қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері институты ұйымдастырды. Кездесу аралас форматта өтіп, Қазақстан мен Үндістаннан қатысқан мамандарды бір алаңға тоғыстырды.
Жиынның басты оқиғасы екі басылымның тұсаукесері болды. Олар – ағылшын тіліндегі India–Kazakhstan Partnership in a Changing Geopolitical Order кітабы және оның орыс тіліндегі нұсқасы – «Партнерство Индии и Казахстана в меняющихся геополитических реалиях». Ағылшын тіліндегі басылымның редакторлары – Рамакант Двиведи, Лалит Аггарвал және Куралай Байзақова. Pentagon Press LLP баспасынан жарық көрген кітапта қазақстандық және үндістандық авторлардың геосаясат, экономика, көлік байланыстары, энергетика, қауіпсіздік және серіктестіктің ұзақ мерзімді келешегі жөніндегі зерттеулері жинақталған.
Дөңгелек үстелді ашқан халықаралық қатынастар факультетінің деканы Жұлдыз Сайрамбаева академиялық диалогтың Қазақстан мен Үндістан арасындағы сенімді нығайтудағы маңызды құралға айналып келе жатқанын атап өтті. Кездесуге профессор Фатима Кукеева модераторлық етті.
Талқылауға қазақстандық және үндістандық тараптан дипломатиялық корпус, университеттер мен сараптамалық орталықтардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2021–2025 жылдары Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі болған Нұрлан Жалғасбаев, Үндістанның Қазақстандағы консулдығының қызметкері Химанши Туаги, MERI Халықаралық зерттеулер орталығы мен «Үндістан – Орталық Азия» қорын басқаратын профессор Рамакант Двиведи, сондай-ақ Қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері институтының директоры профессор Куралай Байзақова болды.
птардың таныстырылымы қазақстандық және үндістандық зерттеушілер арасындағы көпжылдық ғылыми байланыстың нақты нәтижесі ретінде бағаланды. Ағылшын тіліндегі басылымды д-р Рамакант Двиведи мен профессор Куралай Байзақова таныстырды. Орыс тіліндегі нұсқаны факультет деканы Жұлдыз Сайрамбаева мен профессор Ж.Ж. Жұман ұсынды. Аударманың жарық көруі зерттеу аудиториясын кеңейтіп, оны қазақстандық академиялық және сараптамалық ортаға жақындата түседі.
Кездесудің мазмұндық бөлігі бүгінде екі ел қатынастарының стратегиялық өзегін айқындайтын тақырыптарға арналды. Рамакант Двиведи Орталық Азиядағы өзгермелі геосаясатқа үндістандық көзқарасты және Қазақстанның Нью-Делидің аймақтық стратегиясындағы орнын таныстырды. Кавери Ганапати азаматтық ядролық энергетика мен аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне назар аударды. Малик Ауган көлікті халықаралық қатынастардағы интеграция факторы ретінде қарастырса, Сания Нұрдәулетова орта державалардың рөлі мен аймақтық тұрақтылық мәселелеріне тоқталды.
Фирдоус Табассум, Прамод Кумар және Жұлдыз Байзақова өз баяндамаларында қауіпсіздік, энергетикалық геосаясат, гуманитарлық байланыстар, сондай-ақ Үндістанның ғылыми және стратегиялық көзқарасындағы Орталық Азияның орны туралы мәселелерді қозғады.
Талқылауда көлік байланыстары ерекше орын алды. Еуразияның ортасында орналасқан Қазақстан үшін Оңтүстік және Орталық Азия арасындағы бағыттарды дамыту экономикалық қана емес, стратегиялық мәнге де ие. Үндістан үшін мұндай бағыттар сауда, іскерлік байланыстар және Орталық Азиядағы орнықты қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Энергетика да маңызды тақырыптардың бірі болды. Қатысушылар энергетикалық қауіпсіздік, азаматтық ядролық энергетика, аса маңызды минералдар және тұрақты даму салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Әлемдік энергетикалық нарықтар қайта құрылып жатқан жағдайда бұл бағыттар Қазақстан мен Үндістан үшін ұзақ мерзімді маңызға ие.
Академиялық дипломатия мәселесіне де назар аударылды. Қазақстандық тарап ҚазҰУ, халықаралық қатынастар факультеті және Қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері институты арқылы халықаралық қатынастар, аймақтық қауіпсіздік және сыртқы саясат мәселелері бойынша тұрақты сараптамалық алаң қалыптастырып келеді. Үндістандық тарап, өз кезегінде, «Үндістан – Орталық Азия» қоры, MERI Халықаралық зерттеулер орталығы, университеттер мен талдау құрылымдары арқылы диалогты дамытып отыр.
Қатысушылар екі ел ұстанымдарының өзара толықтығын атап өтті. Қазақстан Орталық Азияда елеулі геосаяси, көлік, энергетикалық және зияткерлік әлеуетке ие. Ал Үндістан аймақтың тұрақты дамуына, өзара тиімді байланыстардың кеңеюіне және көпполярлы диалогтың нығаюына мүдделі ірі азиялық мемлекет ретінде қарастырылады.
ҚазҰУ-да өткен дөңгелек үстел қазақстандық-үндістандық қатынастардың дәстүрлі дипломатия шеңберінен кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Бүгінде бұл байланыстар білімге, сараптамаға, академиялық әріптестікке және екі елдің Еуразия болашағына әсер ететін үдерістерді бірлесе пайымдау қабілетіне көбірек сүйенеді.

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)