Жас дәрігерлерге ақ жол! — ҚазҰУ

91ý

Жас дәрігерлерге ақ жол!

9 шілде 2026
Жас дәрігерлерге ақ жол!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультетінде түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Биылғы оқу жылында медицина, стоматология, фармация, қоғамдық денсаулық сақтау, менеджмент, дене шынықтыру және спорт бағдарламалары бойынша білім алған 400 бакалавр мен 49 магистрант үлкен өмірге жолдама алды. Мерекелік кешке жас мамандармен бірге оқытушылар, ата-аналар және отандық денсаулық сақтау саласының мәртебелі қонақтары қатысты. 

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға арнаған бейнеүндеуімен басталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде ел болашағы білімді, жаңашыл әрі жауапкершілігі жоғары жастардың қолында екенін атап өтіп, түлектерді қоғам өміріне белсенді араласуға шақырды.

Шара барысында алғашқылардың бірі болып сахнаға факультеттің үздік түлектері көтерілді. Олардың қатарында сирек кездесетін өкпе альвеолалық протеинозын зерттеп, Salayat.kz жобасы аясында COVID-19-дан кейінгі өмір сапасын зерделеуге үлес қосқан, сондай-ақ ҚазҰУ-дың стартап-инкубаторынан тағылымдамадан өткен «Жалпы дәрігерлік практика» бағдарламасының 7-курс түлегі Фариза Махамбетова бар. Сонымен қатар студенттік өмірде ерекше белсенділік танытып, MEDICAL STUDENTS STARTUP EXHIBITION – 2023 байқауында 3D-баспа технологиясына негізделген рецептуралық дәріхана жобасымен бас жүлдені иеленген Дүйсекеш Сапарғалиев пен «ТМД-ның үздік студенті – 2026» халықаралық байқауының жеңімпазы, «Қазақстанның 100 үздік студенті» жобасының мүшесі әрі беделді халықаралық Scopus журналындағы ғылыми мақаланың тең авторы Әнел Сүйінбектің жетістіктері ҚазҰУ-дағы кәсіби даярлықтың жоғары деңгейін айқын көрсетті. 

Университет басшылығы мен факультет әкімшілігі жас мамандарға ақ жол тілеп, алған терең білімдерін адам өмірін арашалауға және ел игілігіне жұмсауға үндеді. Ал салтанатты рәсім дәстүрлі «Жасай бер, ҚазҰУ-ым!» гимнімен қорытындыланып, барлық қатысушылар үшін ұмытылмас естелік сәтке айналды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі