ҚазҰУ мен Түркі мемлекеттері университеті бірлескен жобаларды дамытуға келісті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ мен Түркі мемлекеттері университеті бірлескен жобаларды дамытуға келісті

11 маусым 2026
ҚазҰУ мен Түркі мемлекеттері университеті бірлескен жобаларды дамытуға келісті

      Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Халықаралық түркі мемлекеттері университетінің ректоры Баходир Тураевпен жүздесіп, серіктестікті арттыру мәселесін талқылады.

        Жансейіт Түймебаев екі жоғары оқу орны арасындағы серіктестіктің түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

      «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Өзбекстанның 25 жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Қазіргі таңда оқу ордасында 220-ға жуық өзбекстандық студент білім алуда.  2026 жылғы 30 наурызда Бұхара мемлекеттік университетінің базасында «Әл-Фараби» ғылыми-білім беру орталығын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Жаңа орталық ұлы ойшылдың мұрасын зерттеуге, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын дамытуға және елдер арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналады. Сондықтан ҚазҰУ Өзбекстан университеттерімен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Соның ішінде Түркі мемлекеттері университетінің алатын орны ерекше», – деді ректор. 

Өз кезегінде Баходир Тураев ҚазҰУ-дың Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтіп, академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға қызығушылық білдірді. Ол студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми тағылымдамаларын ұйымдастыру, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және халықаралық жобаларды іске асыру бағыттарында ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі