- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ресейдің ҰЗУ «Жоғары экономика мектебі» ынтымақтастықты кеңейтуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ресейдің ҰЗУ «Жоғары экономика мектебі» ынтымақтастықты кеңейтуде
2026 жылғы 2 маусымда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының философия докторы (PhD) Нұржан Сапарбаева мен Ресей Федерациясындағы Ұлттық зерттеу университеті «Жоғары экономика мектебінің» өкілдері — Шетел тілдері мектебінің директоры Е.А. Колесникова және ылым департаментінің жетекшісі Олеся Колесникова арасында жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттарын, сондай-ақ шығыстану, қытайтану, лингвистика және заманауи білім беру технологиялары салаларындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Әсіресе, докторанттарды бірлесіп даярлау, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту және екі университет арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар оқу-әдістемелік материалдармен алмасу, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру, халықаралық ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар, қытайтану және мәдениетаралық коммуникация салаларында халықаралық ғылыми ұжымдар құру және бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру перспективалары талқыланды. Scopus дерекқорында индекстелетін жетекші халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда зерттеу нәтижелерін жариялау мәселесіне, сондай-ақ академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми кеңес беру, халықаралық гранттық бағдарламалар мен ғылыми жобаларға бірлесіп қатысу бағытындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді.
Тараптар жас зерттеушілерді даярлау және олардың ғылыми жарияланымдық белсенділігін арттыру бағытында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша екі университеттің өкілдері академиялық және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендіктерін растады. Олар халықаралық академиялық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын, екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін атап өтіп, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, білім беру саласындағы серіктестікті дамытуға, халықаралық ғылыми кооперацияны кеңейтуге және жас ғалымдарды, магистранттар мен докторанттарды қолдауға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Басқа жаңалықтар